ҚР Білім және ғылым І вице-министрі Шолпан Каринова Сыр еліне жұмыс сапары барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары және белсенді студенттермен кездесті. Кездесу «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» атты музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің республикалық съезі аясында өтті. Жиында Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова білім, ғылым саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

«Австралия мемлекетінің Кәсіби білім беру Стандарты негізінде Қорқыт ата университетінің педагогикалық бағыттағы білім сапасын арттыру  бағытында «Болашақ педагогтарды қалыптастыру моделі» әзірленді. Модельді жүзеге асыру үшін облыстық білім басқармасымен бірігіп сапалы  педагогты қалыптастыру бойынша 2022-2025 жылдарға арналған екі жақты Меморандум жасалды. Биыл аймақта 7514 оқушы мектеп бітіреді. Оның 61% (4733 оқушы) педагогикалық бағытты таңдады. Осыған орай, өңірдің білім ұйымдарын сапалы педагог кадрларымен қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасау, «Жас педагог» курсын ұйымдастыру, пәндік олимпиада женімпаздарына университет грантын тағайындау, оқу ақысына жеңілдіктер беру т.б. жұмыстар жүргізіледі», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Сонымен қатар, басқосуда еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау, педагог статусы, жоо-да білім сапасын жақсарту, білім алушылардың ғылыми мақала жазуы және ҰБТ сұрақтары бойынша ұсыныстар айтылды.

Шара барысында ғылыми-инновациялық, академиялық саясат және тәрбие беру жұмыстары бойынша университеттің жетістіктері мен жастар ұйымдарының жобалары таныстырылды. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері мен университет ғалымдарының ғылыми еңбектерінің кітап көрмесі қойылды.

Айта кетейік, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (НААР) арқылы халықаралық мамандандырылған аккредиттеу рәсімінен сәтті өтті. Нәтижесінде 108 білім беру бағдарламасына халықаралық мамандандырылған аккредиттеу туралы куәлігі берілді.

Қазіргі таңда оқу орнында  8055 білім алушы бар. Ал университеттің білім беру және ғылыми қызметін 488 оқытушы-профессор жүргізуде. Олардың арасында 22 ғылым докторы, 175 ғылым кандидаты, 34 PhD қызмет етеді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!