Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында оқушылардың тәртібін бақылау және қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Мектептерде Бұлтты бейнебақылау» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бүгінде 6 мектепке 30 күндік деректер сақталатын 96 бақылау камерасы орнатылды. Оны мектеп әкімшілігі және ішкі істер департаменті бақылай алады.

«Әлем елдері арасын жақындату, ақпарат алмасу және жан-жақты коммуникация орнату жолында теле, радио, почта қызметтері мен жедел қарқынмен дамып келе жатқан интернет желілері адам өмірінің ажырамас қажеттілігіне, үлкен көмекшісіне, еліміздің стратегиялық маңызды саласына айналған.Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету-бұл күнделікті қиын жұмыс, озық жабдықтар мен заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа жобалармен үнемі жұмыс жасау оңай емес екенін біз жақсы білеміз. Сіздерді байланыс және ақпараттандыру қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазыбекова.

Цифрлық теңсіздікті жою мақсатында 2020 жылы «Қазақтелеком» «талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» ауқымды жобасын іске асырды. Қызылорда облысында осы жоба аясында 14 ауылдық елді мекенде 52 мемлекеттік мекеме жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

«Ауыл тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы әкімдігімен бірлесіп, Жайылма кентінің тұрғындары үшін көп нүктелі технология бойынша трафикті сымсыз беру үшін радиомост ұйымдастырылды. Радиомост технологиясы бойынша сымсыз байланыс Арал ауданының Тоқабай ауылында және Қазалы ауданының Шәкен ауылында ұйымдастырылды. Бұл ауылдардағы ондаған үйлер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды»,- деді «Қазақтелеком» оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы Қызылорда қаласы корпоративтік сату орталығының директоры Ержан Наурызбаев.