Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Археология және этнология» білім беру бағдарламасы бойынша республикалық пәндік олимпиада ұйымдастырылды.
Білімділер бәсекесінің алғашқы кезеңінде студенттер пән бойынша тест тапсырса, екінші кезеңде археология саласы бойынша жоба қорғады.
Республикалық олимпиадаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары қатысты.
Археологтар – ежелгі тарихты құмнан аршып, ғылымға әкелетін, ел игілігіне қызмет ететін мамандар. Айта кету керек, елімізде «Археология және этнология» мамандығы 7 оқу орнында ғана оқытылады. Сондықтан, бұл мамандықты меңгеретін студенттер саны да шектеулі.
Университетте 26 жыл бұрын ашылған «Археология және этнология» мамандығы бойынша осы кезге дейін 100-ге жуық маман даярланды. Олар қазір еліміздің білім беру және ғылым саласында табысты еңбек етуде. Сонымен қатар, оқу ордасында «Археология және этнография» ғылыми орталығы жұмыс жасайды. Орталық мамандары Сыр өңіріндегі археологиялық мәдениеттер мен ескерткіштерді зерттеу, насихаттау жұмыстарына атсалысып, ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Олимпиада қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің командасы жеңіп алса, ІІ орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің білім алушылары иеленді. Ал, ІІІ орынға С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің командасы лайық деп танылды.
Сайыста барлық командаларға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректорының Алғыс хаты табысталып, жеңімпаздар «Үздік жас археолог», «Үздік жас этнолог», «Алтын күрек» аталымдарымен марапатталды.
Олимпиадаға қатысқан білім алушылар сапар барысында университеттің археологиялық базасымен, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейімен танысып, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне саяхат жасады.
Өткен жылы республикалық пәндік олимпиадада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жеңімпазы атанған болатын. Сондықтан шара биыл Сыр елінде ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша келесі жылы олимпиада биыл жеңіс төрінен көрінген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!