Отан қораушылар мен Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы №7 мектеп-лицейінде «Бейбіт күн жасасын әлемде!» тақырыбында салтанатты шара өткізіліп, білім саласының ардагерлері оқушылармен кездесті.

Салтанатты шараға қатысқан ардагерлер оқушылармен патриоттық, туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік туралы әңгімелерді қозғаса, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова ардагер ұстаздарға өзінің ыстық лебізін білдіріп, мерекемен құттықтады.

«Бүгін тәлімі мен тағылымы мол кездесу өтуде. Оқушыларымыз аймағымыздың білім саласының дамуы мен өркендеуіне зор үлесін қосқан ардагер ұстаздарымен кездесіп, отанды қорғау жауапкершілігінің қаншалықты маңыздылығын ұғынып, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттырды деп есептеймін. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесіне ерекше алғысымды білдіріп, баршаңызды мерекемен құттықтаймын», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Облыстық білім басқармасының басшысы мұнан соң ардагер ұстаздармен бірге білім ошағының оқу үздіктері мен олимпиада, ғылыми жобалар және спорттық жарыстардың жеңімпаздарымен кездесіп, сұхбаттасты.

Шара барысында Асыл жандар әжелер ансамблі әндер шырқаса, көрермендерге мектеп оқушыларынан құралған театрдың қойылымы көрсетілді.

Кеш қорытындысы бойынша №7 мектеп-лицейінің ұжымы облыстық білім басқармасы және облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.