Әлемдік білім және ғылым қауымдастығына ену мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатты. Өткен жылы Ресей, Түркия, АҚШ, Корея, Англия, Канада, Швейцария, Болгария елдерінен келген 15 ғалым білім алушыларға дәрістер сериясын жүргізді.

Дәріс барысында бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларында білім алушылар шетелдік ғалымдармен бірлесіп ғылыми-зерттеу және ғылыми-тәжірибелік кеңес беру жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Айталық, Канададағы Лейкхед университетінің профессоры, философия докторы Сет Агбо докторанттарға SCOPUS және Web of Science шетелдік басылымдарына мақала жариялауға байланысты дәріс өткізді.

Сабақ барысында докторанттар тақырыпты құрылымдау мен тірек сөздерді дұрыс жазуды меңгерді.

– Шетелдік дәріскер импакт факторы жоғары peer-reviewed журналдарға мақаланы рәсімдеп, жариялаудың қыр-сырын үйретті. Докторанттар профессордың кеңесі бойынша мақала тақырыбын құрылымдап, тірек сөздерді тиімді пайдаланып, редакторлар мен рецензенттердің назарын аудартуға арналған бөлігін, яғни аннотацияны жазу бойынша тың ақпараттармен танысты. Келешекте peer-reviewed шетелдік басылымда жариялайтын мақаламыздың тақырыбын, тірек сөздерін, аннотацияны дайындап қойдық. Дәріс кезінде кіріспенің әр сөйлеміне сілтеме міндетті түрде жасалуы қажет екенін меңгердік. Зерттеу барысында сапалық талдау жасау қажет екенін түсіндік. Бұл сабақта импакт факторы жоғары журналдарға мақала жариялауды үйренгенім үшін қуаныштымын, – деді «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша докторант Эльмира Ибрагимова.

Ал, «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Гузалия Клычова «Желілік (қос дипломды) оқыту шеңберінде магистрлерді дайындау бағыттары бойынша негізгі білім беретін кәсіби бағдарламаны (БББЖ) әзірлеу» тақырыбында біліктілік арттыру курсын өткізді.

Курстың мақсаты – екі университеттің білім беру бағдарламаларын салыстыру, ресейлік тәжірибені зерделеу.

– Қазір «Академиялық ұтқырлық», «Қос диплом» бағдарламасы білім беру қызметтері нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұндай курстар білікті оқытушылар мен жұмыс берушілер тарапынан кадрларға қойылатын талаптарды күшейту үшін қажет. Ал «Қос диплом» бағдарламасы бойынша екі ел университеттерінің білім беру бағдарламаларын салыстыра отырып, оны жүзеге асыруда мамандар үшін үлкен септігін тигізері анық, – деді университеттің білім беру бағдарламаларын басқару бөлімінің бастығы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Айсұлу Мұхамбетжан.

Ғылым саласында тәжірибесі мол шетелдік ғалымдар білім алушыларға курсты онлайн және офллайн форматта жүргізді. Айта кету керек, университетке Г.В.Плеханова атындағы Ресей экономикалық университетінен Наталия Фоминых, Англияның Суррей университетінен Вячеслав Филимонов, Ресей ғылым академиясының «Информатика және менеджмент» Федералдық ғылыми-зерттеу орталығынан Елена Софронова, Ресейдегі Санкт-Петербург мемлекеттік университетінен Татьяна Лыпкань, Гарвард университетінен Нурлан Кенжеахмет, Корея Республикасының Каннам университетінен Фил Ким, Ресей халықтар достығы университетінен Давид Казарян, Оңтүстік Орал мемлекеттік аграрлық университетінен Сакен Ширьязов, «Дубна» мемлекеттік университетінен Владимир Мележик, Тракия университетінен Николай Иванов, Ресей Федерациясындағы Қазан федералды университетінен Ирина Галкина, Швейцарияның Солтүстік-Батыс қолданбалы ғылымдар және өнер университетінен Марина Питер, Түркияның Догус университетінен Айфер Еркен келді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы