Білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет білім саласына инвестицияны едәуір көбейткен. Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды QazBilim ақпараттық агенттігі.

«Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.

Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды.Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс»», — деді Мемлекет басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!