Мұғалім ‒ қашанда мектептің жүрегі, қоғамның қозғаушы күші. Жақында №264 мектепте еңбек етіп жүрген білікті мұғалім Мөлдір Әбдіқаппарқызымен тілдестік. 

− Ең алдымен әңгімемізді осы салаға келген сәтіңізден бастасақ… Шәкірт тәрбиелеу, ұстаз болу сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

− Алғашында ұстаз болу менің арманым емес еді. Бірақ әкемнің «менің қызым ұстаз болады» деген сөзі осы салаға бастап келді. Дегенмен осы таңдауыма еш өкінген емеспін. Қиындығы мен қуанышы қатар жүрсе де, білім беру арқылы әрбір күнімнің сауапқа толы болатыны есіме түскенде әкеме ерекше  алғыс айтамын.

Мектеп қабырғасындағы ұстаздық қадамым 2006 жылы №101 мектеп-лицейінде басталды. Бастапқыда үлкен жауапкершілікті артқан соң, ішкі қорқынышымның болғаны рас. Алайда мамандығыма деген қызығушылығымды арттырып, көмек беріп, шәкірт тәрбиелеуге үйрететін ұлағатты ұстаздар көп болды. Сол кісілермен тәжірибе алмаса отырып, оқушыға жан-жақты білім беруді меңгердім.

Алғаш рет шәкірттерімнің алдына барған кезде ұстаз болу өмірімдегі ең бақытты әрі маңызды сәт екенін ұқтым. Әр күн сайын қайталанатын сабақ барысы үлкен дайындықты, ізденісті, жан-жақтылықты қажет етеді. Ұстаз шәкіртке бар болмысымен үлгі, сондықтан өзіңді ұстау мәдениеті маңызды саналады. «Ұстазға қарап шәкірт өседі» дегендей, әрбір шәкірттің бойындағы қыр-сырын ашуға, сенімдерін ақтауға талпынып келемін. 2010-2011 оқу жылдары алғашқы шәкірттерім түлек атанды. Бүгінде білім берген оқушыларым әр түрлі сала  бойынша маман иесі болып қызмет етуде. Олардың ел дамуына үлес қосып, жақсы маман иесі болғанына қуанамын.

− Уақыт өткен сайын сала мамандарына жүктелетін талап та жоғарылып келеді. Жаңа заманға сай ұстаз қандай қабілеттерге ие болу керек деп ойлайсыз?

− Мұғалім заман ағымына ілесіп отыру керек, өйткені адам үнемі ізденіс үстінде жүрмесе мидың жұмыс істеуі бәсеңдейді. Бұл − ғылымда дәлелденген қағида. Жан-жақтылыққа, үйренуге, ізденуге, оқуға қазір талпынбасақ болашақ ұрпағымыздың дамуына кедергі келетіні анық. Өйткені заман ағымына қарай білімді жаңартып, ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде қолдана білу керек. Сондықтан мұғалімнің кәсіби маман болғаны дұрыс.

«Ұстаздық ету – өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген сөз бекер айтылмаған. Біліммен қоса тәрбиені қатар алып жүру де – уақыт талабы. Бұл бағытта оқушылармен үнемі тәрбиелік іс-шаралар, сайыстар, кездесулер, саяхаттар ұйымдастырып отырамын. Игі істер мен жақсылықтарды құлақпен есту балалардың қызығушылығын оята қоймайды, тек айтылған дүниелерді қолмен ұстап, көзбен көрсе ғана белсенділіктері артады. Сонымен қоса біздің атқарған жұмыстарымыз оқушылардың жан-жақтылығына, қоғамда өзін ұстай білуіне, сөйлеуіне септігі тиеді деген сенімдемін. Шынында жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абройлы іс, ардақты жұмыс жоқ.

− Қай саланы алып қарасақ та, қиындығы қатар жүретіні рас. Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?

− Әрине қай саланы алсақ та, қиындықсыз болмайды. Егер адам өз жұмысын шынайы, бар ынтасымен сүйіп істесе алынбайтын қамал жоқ. Әрбір жұмысымызды разылықпен бастасақ, берекелі болатыны анық.

Білім саласында көптеген алаңдататын мәселелер бар. Соның бірі − оқулықтағы күрделенген тапсырмалар. Келешекте оқушылардың  деңгейіне қарай тапсырмалар берілсе және көлемі біршама азайтылса  деген ұсынысым бар.

− Ұстаздың мерейлі сәті оқушылардың жетістігінен де байқалып жатады. Осы орайда талапты та талантты шәкірттеріңіз жайлы да айтып берсеңіз…

− Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де − ұстаз. Ал ұстаздың мерейін көтеріп, еңбегін ақтайтын шәкірті. Білім алу барысында ата-ана, ұстаз, білім алушы болып үштікті берік ұстансақ, әрбір шәкіртіміздің жетістікке жетеріне сенемін. Әрбір шәкірттің бойында талап та, талант та болады. Осы кезге дейін мектепті «Алтын белгімен» бітірген шәкірттеріммен, «Білім инновация лицейінде», НЗМ мектептерінде оқуын жалғастырып жүрген оқушыларыммен мақтана аламын.  Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектерімнен үлкен үміт күтудемін. Сонымен қоса облыстық, қалалық, мектепішілік жарыстарда жүлделі орындармен марапатталған оқушыларым да жеткілікті.

  • Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!