Жақында халықаралық «Түркістан» газетінен құрттың суынан дәрі әзірлеген Әбдібек Қалибек жайлы мақаланы көзіміз шалды. Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен ол Жапонияның орталық ауруханасында қызмет етеді екен. Қазақ медицинасының тарихын зерттеп, әдеп-ғұрпымыздың медицинамен байланысы барын алға тартып жүрген жастың жаңашыл жобасын тарқатсақ.

Әбдібек Шыңжаң медициналық уни­верситетінде клиникалық медицина ма­мандығы бойынша білім алған. Дә­рі­герліктен бөлек, жеке кәсіппен айна­лысады. Дәлірек айтқанда, меди­ци­на­лық туризммен. Бұл – өзге елге кел­ген науқасты күтіп алып, әуежайдан қо­нақ­үйге әкеліп, сосын ауруханаға жол көрсетіп, қажетті бағыт-бағдар беретін сервис түрі. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз дәрі-дәрмек жасап, оны Қазақстанға экспорттайды. Он жыл бойы клиникалық тест жасап, ойлап тапқан үш түрлі био­қоспасы бар. Жыл соңына дейін лицензия алса, оны алдымен Жапонияға, сосын «Қазақстанға арналған» деп жазып, елге жіберуді жоспарлап отыр.Био­қос­паның бірі адамның иммунитетін көте­ріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Со­сын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрт­тың сары суынан тағы бір биоқоспа дайындауда. Оны «Фузилакс» деп ата­ған. Өнімді әрі атауын патенттеген. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп деседі. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам кездесетін көрінеді.

– Медициналық білім алып, Токиода түрлі эксперимент жүргізген кезде із­де­генім мұрнымның астында тұр­ғанын білдім. Бұрын құрт жасаған кез­­де жиналған сары суды кішкентай ба­­лалар мен келіндеріне ішкізетінін үне­мі көретінмін. Кейде құртын ғана алып, суын жерге төге салатындар бар. Бірақ дәрігер ретінде  айтайын, бұл са­ры судың пайдасы зор. Алдағы уақыт­та көпшіліктің бұған көзі жетеді деп ойлаймын, – дейді дәрігер.

Мөлдір СНАДИН