Қазақстанда мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны пайдалану қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Үкімет қабылдаған жаңа қаулы мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін нақтылап, азаматтардың Туды күнделікті өмірде пайдалану мүмкіндігін кеңейтті. Құжатқа Премьер-министр қол қойып, өзгерістер 13 шілдеден бастап күшіне енді.

Жаңартылған қағидаға сәйкес, енді мемлекеттік Туды мемлекеттік мекемелермен қатар тұрғын үйлерге, жеке үй-жайларға және көпқабатты тұрғын үйлердің балкондарына 45° бұрышпен орналастыруға рұқсат етіледі. Бұл өзгеріс азаматтардың патриоттық сезімін білдіруіне және мемлекеттік рәмізді кеңінен қолдануына жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен бірге Туды орналастыру кезінде сақталуы тиіс талаптар да нақтыланды. Жеке тұрғын үйлерде мемлекеттік Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы қажет. Бұған дейін міндетті болып келген түнгі уақытта Туды арнайы жарықтандыру талабы жаңа редакцияда алынып тасталды. Бұл талаптың күшін жою азаматтарға Туды орнатуды жеңілдетеді.

Жаңа қаулыда мемлекеттік Туды автокөліктерде пайдалану мәселесі де нақты көрсетілген. Енді Туды жеке және қызметтік автокөліктердің ішінде орналастыруға рұқсат беріледі. Дегенмен мемлекеттік рәмізді пайдалану кезінде оған құрметпен қарау басты талап болып қала береді. Ту жерге, еденге немесе суға тимеуі тиіс. Егер ол тік күйінде ілінсе, ұлттық ою-өрнегі матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет.

Сондай-ақ Тудың сыртқы келбетіне қатысты талаптар өзгеріссіз сақталған. Жыртылған, өңі кеткен, ластанған немесе бүлінген мемлекеттік Туды пайдалануға жол берілмейді. Ал қолданылатын барлық мемлекеттік Тулар Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына толық сәйкес болуы міндетті.

Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды қасбетке ілу мүмкін болмаса, оны ғимараттың маңындағы арнайы ту тұғырына орналастыруға болады. Бұл талап мемлекеттік рәмізді дұрыс әрі лайықты орналастыруға мүмкіндік береді.

Құжатта мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты бірқатар шектеу де сақталған. Атап айтқанда, оны жарнама немесе коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ мемлекеттік рәмізді киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, перделерге, дастарқанға, кілемшелерге және өзге де тұрмыстық бұйымдарға орналастыруға болмайды. Бұл шектеулер мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетін сақтау мақсатында белгіленген.

Сонымен бірге қолданыстағы нормаларға сәйкес, мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың жарыс киімінде және спорттық жабдықтарында пайдалануға бұрынғыдай рұқсат етіледі. Бұл халықаралық жарыстарда Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін таныту тәжірибесінің жалғасатынын білдіреді.

Заңнаманың күшіне енгені сол еді, халық көк Ту бейнеленген шоколадтардан бастап ішімдіктерге және басқа да қоқысқа тасталатын түрлі өнімге шектеу қоюды бірауыздан талап ете бастады. Көптің көкейіндегі сауалға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі былай жауап қайтарды.

– Өзгерістер мемлекеттік рәміздерді алдағы уақытта пайдалану тәртібін реттейді және бұған дейін шығарылған өнімдерді айналымнан алу немесе жою міндетін жүктемейді. Атап айтқанда, қаулыда мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен жабдықтарында пайдалануға тікелей рұқсат берілген. Ал өзге жағдайларда Тудың бейнесін заң талаптары сақталған, мемлекеттік рәміз бұрмаланбаған, коммерциялық мақсатта қолданылмаған және оның қадір-қасиетін төмендетпеген жағдайда пайдалануға болады, – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

ЕЛДІК НЫШАНҒА ЕНЖАР ҚАРАҒАНДАР

Кейінгі жылдары мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениеті жиі талқыға түсіп жүр. Бір жағынан көк Туды құрметтеп, оны ұлттық мерекелерде, спорттық жеңісте, халықаралық жарыстарда мақтанышпен көтеретін азаматтар көп болса, екінші жағынан рәміздерді талапқа сай пайдаланбау немесе оларды қорлау сипатындағы әрекеттер де арагідік көзге түсіп жатады.

Мемлекеттік Туға қатысты қоғамның наразылығын тудырған жағдайлардың бірі 2015 жылы Шымкент қаласында тіркелді. Мемлекеттік Туды беймәлім тұлғалар қоқыс шығаруға пайдаланылғанын көрсететін фотосуреттер кеңінен тарады. Кадрларда жерде жатқан Тудың үстімен адамдардың жүріп өткені, оның маңында шашылған қоқыс пен аударылған қоқыс жәшігінің тұрғаны анық көрінеді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, мемлекеттік рәмізге деген құрмет мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, Туды қоқыс шығаруға пайдаланған азаматтарды үш сағаттың ішінде анықтаған. Олар Шымкент қаласындағы жеке мекеменің қызметкерлері болып шықты. Атап айтқанда, 1986 жылы туған Г есімді және 1974 жылы туған Т есімді және қоқыс таситын көліктің жүргізушісі, 1966 жылы туған М есімді тұлғалар ұсталды. Кейін жүргізуші өз әрекетін түсіндіруге тырысып, Туды қоқыс жинау үшін әдейі пайдаланбағандарын айтты.

– Біз қоқысты Туға жинаған жоқпыз. Жүк аударылып кетіп, қоқыс Тудың үстіне түсіп қалды. Біз оны көрген кезде Ту әбден тозып кеткен еді. Кейін оны осындағы мекемелердің біріне тапсырамыз деп, көліктің кабинасына салып қойғанбыз. Бірақ жұмыс барысында жоғалып кетті. Қазір оның қайда екенін білмеймін, – деген болатын.

Ал Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы бұл іске қатысты барлық күдіктінің қысқа уақыт ішінде анықталғанын мәлімдеді.

– Әлеуметтік желілерде үш жұмысшының мемлекеттік Туды қоқыс жинауға пайдаланғаны бейнеленген суреттер жарияланды. Қызметкерлеріміз суреттегі азаматтарды анықтап, оларды Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына жеткізді. Үшеуі де өз кінәларын мойындады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қолданылуы мүмкін, – деп мәлімдеген еді Шымкент қалалық ІІБ басшысы.

2016 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Ольга Шумилова мемлекеттік Туды қоқысқа тастағаны үшін қоғамның қатаң сынына ұшырады. Кейін ол халықтан кешірім сұрап, тәртіптік жауапкершілікпен шектелген еді.

Оқиғаның ізін суытпай әлеуметтік желі беттерінде бір топ адамның Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын өртеп, бөлшектеп жатқан видеосы жарияланып, жұртшылық арасында дау тудырды. Кейін бұл бейнежазбаның Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде түсірілгені белгілі болды. Қалалық білім бөлімінің түсіндіруінше, видеода көрсетілген әрекеттер мемлекеттік рәміздерді қорлау емес, жарамсыз деп танылған рәміздерді қолданыстағы талаптарға сәйкес жоспарлы түрде жою рәсімі болған.

Олар арнайы комиссия Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік рәміздерді белгіленген тәртіппен жойған. Мұндай рәсім кезінде рәміздерді өртеу немесе бөлшектеу заңда қарастырылған тәсілдердің бірі екені айтылды. Бейнежазба әлеуметтік желілерге жариялау үшін емес, ішкі есепке алу мақсатында түсірілгенімен, бақылаудың жеткіліксіздігінен интернетке тарап кеткен. Осы оқиғаға байланысты мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған. Бұл жағдай қоғамға мемлекеттік рәміздерді жою тәртібі де заңмен нақты реттелетінін көрсетеді. Яғни жарамсыз болып қалған Ту немесе Елтаңбаны кез келген адам өз бетінше жоя алмайды. Ол арнайы комиссияның қатысуымен, бекітілген рәсім бойынша жүзеге асырылады.

2022 жылғы 25 мамырда Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобы мен Shiza лақапатымен танылған рэпер Асхат Долшиевтің концерті өтті. Алайда көпшілік күткен музыкалық кеш өнерімен емес, сахнадағы даулы әрекеттерімен есте қалды.

Концерт барысында орындаушылардың сахнада бейәдеп сөздер айтуы қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады. Әлеуметтік желілерде концерттен түсірілген бейнежазбалар кеңінен тарап, көпшілік мұндай әрекетті мәдениетке де, көрерменге де құрметсіздік деп бағалады. Даудың одан әрі өршуіне әлеуметтік желі қолданушыларының Shiza сахнадан Қазақстанның мемлекеттік Туын көрермендерге қарай лақтырғаны туралы жазбалары себеп болды. Бұл ақпарат қоғамда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Оқиғаға байланысты сол кездегі Мемлекеттік хатшының көмекшісі Ерлан Қарин пікір білдіріп, мемлекеттік рәміздерге қандай жағдайда да құрметсіздік көрсетуге жол берілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран – елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын білдіретін қасиетті нышандар, сондықтан оларды пайдалану кезінде заң талаптары мен қоғамдық жауапкершілік қатаң сақталуы тиіс.

Қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан кейін Shiza лақапатымен өнер көрсететін Асхат Долшиевтің BEU Fest заманауи қазақстандық музыка фестиваліне қатыстырылмайтыны белгілі болды. Фестиваль ұйымдастырушылары бұл шешімді қоғамның пікірін және мемлекеттік рәміздерге деген құрмет қағидатын ескере отырып қабылдағанын мәлімдеді. Осы оқиға өнер адамдарының сахнадағы әрекеті мен қоғамдық жауапкершілігіне қатысты қызу пікірталасқа түрткі болып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәселесінің маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАЙМЫН ДЕП, ЖАЗАҒА ҰРЫНЫП ҚАЛМА

Қоғамда әлі күнге дейін қызу талқыланатын тағы бірқатар оқиға бар. Соның бірі 2015 жылы Астана қаласының тұрғыны Жандос Құрманбаев боксшы Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанып, мемлекеттік Туды өз балконына іліп қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл төлеген болатын. Бұл жағдай қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Көпшілік мемлекеттік рәмізді қорлағандар мен оны құрмет мақсатында пайдаланған азаматтарға қатысты қолданылған жауапкершілік арасындағы айырмашылықты әділеттілік тұрғысынан талқыға салды.

Тағы бір ерекше оқиға Жетісу облысының Ақсу ауданында тіркелген еді. Блогер Данияр Бейісқали әлеуметтік желіге жариялаған жазбасы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Оның айтуынша, мемлекеттік Елтаңбаны қоқыс жәшігінен тауып алып, бүлінуден сақтау мақсатында үйіне іліп қойған. Блогер мұны рәмізге құрмет көрсету деп түсіндіргенімен, жергілікті әкімдік бұл әрекетті мемлекеттік рәмізді заңда көзделмеген мақсатта пайдалану деп бағалап, полицияға жүгінген. Нәтижесінде құқық қорғау органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, сот шешімімен 216 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен оларды пайдалану тәртібінің ара-жігін тағы бір мәрте талқылауға себеп болды. Бір жағынан азаматтың ниеті рәмізді сақтап қалу болса, екінші жағынан заң мемлекеттік символдарды қолданудың нақты тәртібін белгілейді және одан ауытқуға жол бермегенін алға тартады.

– Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу нағыз патриотизмнің, отансүйгіштіктің айқын көрінісі емес пе?.. Былтыр Түркия елінде болдым, әр балконда, тіпті жол бойында жеміс-жидек сататын дүңгіршектерге дейін мемлекеттік туын желбіретіп іліп қойыпты. Өз елдерін мақтан ететін жас буын қолдарына жалауша ұстап үстеріне ту бейнеленген шолақ жейде, баскиім киіп Ататүрік музейін аралап жүр. Көргенде көзің тояды. Патриотизмі мықты екен.

Бізде ше? Жас ұрпаққа «патриот болыңдар» дейміз де, патриоттығын білдіремін дегендерге айыппұл саламыз. Мұндай айыппұлдан кейін қайдан елін сүйер азамат болсын?! – дейді қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы.

Былтыр ғана Ақтау қаласында тәуелсіздік күнінде тәртіп сақшылары ту ілген автобус жүргізушісін тоқтатып, туды шешіп тастауды талап еткені һәм жүргізушіге айыппұл салынғаны жайлы ақпаратқа қанықтық. Қоғамдық көлік маңдайшасынан туды күштеп алдырған бейнежазба кейін желі беттерін шарлап кетті. Аталған жайтқа байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха:

– Бірқатар жағдайда адамдар ту үшін емес, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Ал мемлекеттік Туға келсек, оны ілуге тыйым салынбайды. Бірақ ол жүргізушінің көру аймағын шектемеуі, көрініске кедергі келтірмеуі және жол қозғалысына қатысатын өзге адамдарға қауіп төндірмеуі тиіс, – деп жауап берген.

Жалпы Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен реттеледі. Заңда рәміздерді орналастыру, пайдалану, сақтау, ауыстыру және жарамсыз болған жағдайда жою талаптары егжей-тегжейлі көрсетілген. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған.

Мемлекеттік рәміздер – жай ғана мата немесе металл емес. Олар тәуелсіз елдің айбыны, халықтың тарихи жадын, егемендігін және ұлттық бірегейлігін білдіретін қасиетті нышандар. Сондықтан оларды құрметтеу әр азаматтың мәдениеті мен елге деген жанашырлығының көрінісі болуы тиіс. Заң талаптарын сақтау да, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіну де бірдей маңызды. Өйткені көк Тудың әрқашан биікте желбіреуі оны тек ресми рәсімдерде ғана емес, күнделікті өмірде де лайықты құрметтей білуден басталады.

– Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды. Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір Тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді.

Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз Туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Қазақтың қайсар қыздары Эверестке шығып, Туымызды әлемнің ең биік шыңында желбіретті, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде.

Президент мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтарымыз бен мұраттарымызды айшықтап, әрқайсымыздың бойымызда елімізге деген шынайы мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді. Сонымен қатар басты елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды.

Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің, ұлттық бірлігі мен тұтастығының айқын белгісі. Сондықтан оларды пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Үкімет енгізген жаңа өзгерістер мемлекеттік Туды қолдану мүмкіндігін кеңейте отырып, оған деген құрметті сақтау қағидаларын да нақтылай түседі деп сенеміз.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!