«Өнер – ұлттың жаны, қоғамның айнасы» деген қанатты сөзді жиі естиміз. Алайда сол айнадан бүгін бізге кім қарап тұр? Кейінгі кездері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейіп, қоғамда әйел құқығы, жеке шекара, келісім мәдениеті туралы ашық талқылаулар белең ала бастады. Бірақ заңда жазылған баптар мен көшедегі қоғамдық белсенділікке мүлде қарама-қайшы әрекет ететін, сананы улауға бейім тағы бір параллель әлем бар. Ол – танымал мәдениет, шоу-бизнес және әлеуметтік желідегі контент.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған жүйелі реформалар қабылданып жатқанымен, медиа кеңістік бұл өзгерістерге ілесе алмай, керісінше, қоғамды артқа тартатын ескішіл стереотиптерді насихаттауын тоқтатар емес. Бұл қайшылық әсіресе жеңіл әуендер мен коммерциялық кино индустриясында байқалады.
Жақында ғана қазақ эстрадасының өкілі Әділет Жауғашардың «Сүй, иә» атты жаңа әні жарыққа шықты. Жеңіл ырғақ, жазғы көңіл-күй мен тартымды әуенмен жеткізілетін бұл туындының қайырмасындағы мына бір жолдар бірден қоғамның назарын аударып, қызу талқыға түсті.
«Сұлудың «жоқ» дегені – «иә»,
Жоқ деуге келтірмеші сүй, иә».
Бұл бір қарағанда махаббат туралы жеңіл ән, қыз қылығын сипаттайтын романтикалық туынды сияқты көрінгенімен, оның астарында өте қауіпті, қоғамда ондаған жыл бойы тамыр жайып, әйел тағдырын тәлкекке салған абьюзивті көзқарастың көрінісі жатыр. Қыздың бас тартуын, қарсылығын, өз еркін белгілеуін елемеуге шақыратын бұл жолдар бүгіннің ғана емес, біздің медиадағы жүйелі патриархалдық мизогиния мен зорлықты қалыпты көрсету үрдісінің айғағы деуге болады.
Қазіргі заманғы психология мен әлеуметтану ғылымында «келісім мәдениеті» деген маңызды ұғым бар. Ол кез келген қарым-қатынаста екі тараптың да ерікті, анық және ешқандай қысымсыз берген келісімі ғана заңды әрі этикалық тұрғыдан дұрыс екенін білдіреді. «Жоқ» деген сөз кез келген жағдайда үзілді-кесілді бас тартуды білдіруі тиіс. Ал «сұлудың «жоқ» дегені – «иә»» деген түсінік – зорлық-зомбылық мәдениетін тарататын мифтердің бірі. Ол ер адамға қыздың шекарасын бұзуға, оның жеке еркімен санаспауға моральдық тұрғыдан рұқсат береді.
Онымен қатар, әлеуметтік желілер мен той-жиындарда қыз алып қашуды әдет-ғұрып ретінде дәріптейтін әндердің саны азаяр емес. Керісінше, олар трендке айналып, миллиондаған қаралым жинауда. Мәселен, Ұланғасыр Қамидің «Алып қашамын» атты әнінде қызды еркінен тыс ұрлап әкетіп, үйге келін қылып түсіру ашық айтылады.
«Алып қашам, мейлі, олай қалама, Келін қылам сені қалай да анама».
Мұндағы «мейлі, олай қалама» деген сөз тіркесі – адамның құқығы мен бостандығын аяқасты етудің көрінісі. Әнші қыздың қалауын мүлде елемейтінін, оны тек «анасына келін етіп әкелетін зат» ретінде көретінін ашық білдіреді.
Жасұлан Зейнолланың «Алып қашам» деген әнінде де мәтін ұқсас мағынада жазылған. Мұнда автор қыздың және оның отбасының қарсылығына қарамастан, оны күштеп алып кететінін мақтанышпен жеткізеді.
«Әке-шешең, бауырың көнбесе егер, Бергілері ауылға келмесе егер, Бүгін кешке келемін, кездескенше, Алып қашам мен сені, бермесе егер».
Ал BekSharip-тің «Alyp qashamyn» әнінде сталкинг, яғни қыздың соңына түсіп аңду, оның сезіміне қарамастан өзіндік қылу идеясы дәріптеледі.
«Сұлуым ендеше, жүрегің көнбесе Біліп жүрші бір күні Сені гүлім алып қашамын».
Аталған әндер – мәселенің бергі жағы ғана. Одан бөлек қаншама ән күнделікті тойда қойылып, жұртты биге салып жатыр. Алайда бұл – қылмыстық әрекетті жүйелі түрде насихаттау деп айта аламыз.
Музыкатанушы Молдияр Ергебеков бұл құбылыстың қаупін былай түсіндіреді:
– Алып қашу туралы әндер адам құқығына қайшы келетін зорлық-зомбылық іс-әрекетін қалыпты іске айналдырады. Бұл әндер алып қашуды романтизациялайды. Осылай албырт, бейкүнә, романтикалық етіп көрсетіп, адамдардың санасында зиянды идеология қалыптастырады. Сондықтан бұл – қоғам үшін өте қауіпті құбылыс.
Музыка – адамның ішкі сезіміне, бейсаналық деңгейіне әсер ететін ең қуатты құрал. Егер жас буын күнделікті өмірде, қуанышты сәттерде осындай мәтіні бар әндерге билеп өсетін болса, олардың санасында «қызды күштеп алып қашу – ерлік пен махаббаттың көрінісі» деген бұрмаланған түсінік ұялайды.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Халықаралық деңгейде ЮНЕСКО 1978 жылы қабылдаған декларациясында зорлық-зомбылыққа шақырмау, нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы тұру туралы нақты баптарды бекіткен. 2001 жылы бұл құжат кеңейтіліп, оған гендерлік теңдік пен әйел құқықтарын қорғау мәселелері де енгізілді. Қазақстан ЮНЕСКО мен Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенді мүшесі ретінде бұл декларацияларды орындауға міндетті.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, Қазақстанда қыз алып қашуды «салт-дәстүр» ретінде ақтау кезеңі артта қалды. Елімізде заңнама айтарлықтай қатаңдатылды. Бірақ қыздың еркін бағаламай, алып қашу әлі де бар жайт.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап – «Неке қиюға мәжбүрлеу» енгізілді. Бұл бап бойынша қалыңдықты ұрлауға және некеге мәжбүрлеуге қатысты жауапкершілік бірнеше есе күшейді. Мұнда адамды неке қиюға мәжбүрлегені үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет күш қолдану, қорқыту немесе кәмелетке толмағандарды тарту арқылы, сондай-ақ бір топ адаммен жасалса – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер бұл қылмыс жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірсе немесе өліміне әкеп соқса – 5 жылдан 10 жылға дейін түрме жазасы беріледі.
Ең маңызды өзгеріс – бұрынғы Қылмыстық кодекстің 125 бабы жалпы адам ұрлау бабындағы жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы ескерту енді некеге мәжбүрлеу қылмысына қатысты қолданылмайды. Яғни, тараптардың татуласуы немесе қызды үйіне қайтару қылмыскерді жауапкершіліктен босатпайды. Заң бойынша бұл әрекет – дәстүр емес, ауыр қылмыс. Бірақ оның өзінде заң күшке енгенімен, іске асыру халық мойнында.
– Жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап ішкі істер органдарының бөліністері Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкентте неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша жеті қылмыстық іс қозғаған. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 15 адам ұсталған, – делінген ІІМ-нің былтырғы хабарламасында.
КИНО ЖӘНЕ ПАТРИАРХАЛДЫ КӨЗҚАРАС
Қазақстандық коммерциялық кино индустриясында да жағдай күрделі. Жыл сайын жарық көретін ондаған комедиялық фильмдердің басты сюжеттік желісі көбіне «қызды алып қашу», «еріксіз тұрмысқа беру» немесе «әйелін тәрбиелеу» тақырыптарының төңірегінде өрбиді.
Көптеген комедияда қызды келісімсіз алып қашып, соңынан қыздың сол отбасында «бақытты» болғаны суреттеледі. Бұл – заң жүзінде қылмыс деп танылатын әрекетті романтикалық оқиға ретінде көрсету. Көрерменге «алғашында қарсы болғанымен, кейін үйреніп, бақытты болады» деген жалған иллюзия ұсынылады.
Мәселен, «Қашан туасың» сериалында күйеуінің әйелінің көзіне шөп салғаны туралы айтылады. Мұндай оқиғалар шын өмірде де болады, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ отандық сериалдардың көбінде бұған жалғыз шешім ретінде – әйелдің үнсіз кешіріп, әрі қарай бір шаңырақ астында тұра беруін қалыпты деп көрсетеді. Өкінішке қарай, мұндай туындылар өте көп. Бұл туралы 2025 жылы Мұрат Әбенов те өз пікірін білдірген еді.
– Біз мемлекеттік саясат пен кейбір телехикаялар мен бағдарламалардың мазмұны арасында үлкен қайшылық бар екенін көріп отырмыз. Жақында ұлттық арналардың бірінде көрсетілген телехикаяда: «Келіспесең – алып қашамын», «Мені де алып қашқан, ештеңе болған жоқ» деген сөздер айтылды. Сонда олар біз мемлекет болып күресіп жатқан кеселді ақтап, қалыпты жағдай ретінде көрсетіп отырғандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайларды назардан тыс қалдыруға болмайды, – деді ол.
Бұл мәселе әсіресе жастар арасында алаңдаушылық тудыруда. Кейінгі кездері қазақша медиада бұл тақырып жиі қозғалады. Жастардың өздері бұл мәселеге қалай қарайды? Олардың пікіріне құлақ түріп көрейік.
Шапағат, 19 жас:
– Мен отандық туындыларды жиі көремін. Солардың бірі – «Няня» сериалы. Туындының басты кейіпкері – бір баланың анасы. Басында отбасының өмірі қалыпты болғанымен, уақыт өте келе күйеуі әйеліне қол көтере бастайды. Ақырында әйел шарасыздықтан баласын алып, үйден кетуге мәжбүр болады. Қазақстандық киноларда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін туындылар аз емес. Дегенмен мұндай көріністерді жай ғана көрсету жеткіліксіз. Көрерменге оның қылмыс екенін, ауыр құқықтық әрі психологиялық салдары бар екенін және ешқашан қалыпты жағдай ретінде қабылданбауы керектігін анық жеткізу маңызды.
Еламан, 23 жас:
– Мен отандық сериалдардың ішінде «Келінжанды» жиі тамашалаймын. Бұл туындыда қазақы отбасының тыныс-тіршілігі, ене мен келіннің қарым-қатынасы, отбасындағы түрлі келіспеушіліктер шынайы көрініс табады. Бірақ кей бөлімдерде әйелдің пікірі еленбей, оған психологиялық қысым көрсету немесе оған кінә арту қалыпты жағдай сияқты суреттелетін тұстар кездеседі. Мұндай көріністер көрерменге әзіл немесе тұрмыстық жеңіл жағдай ретінде ұсынылғанымен, олардың астарында гендерлік теңсіздік пен психологиялық зардап жатыр. Туындыны көргеннен кейін көрерменде «басыңа жазылған тағдыр болады, шыдауың керек» деген сезім қалады. Медиа мұндай әрекеттердің дұрыс еместігін де анық көрсетуі қажет.
Ақбота, 20 жас:
– Қазақ киносын жиі көремін. Бірақ кейде оқиға бір сюжет бойынша дамитыны ұнамайды. Бәрінде «әйел кешіру қажет, үйде отыруы керек, оған қол көтерсе, өзі кінәлі» деген пайым беретіндей. Мәселен «Күлпаш» сериалында әйелі сұйық май алғаны үшін күйеуі оны ұрады, сондай-ақ кейіпкерлердің репликасында «су сатып алғаным үшін ұрды», «Жәмиля бәленің бәрін бастайтын сен ғой», «Таң атпай көңіл-күйді құртпашы», «Мойындайыншы, өзімнен бар ғой» деген секілді зорлық-зомбылықты ақтайтын диалогтар көп. Ер азаматтың әйелді ұруға еш құқығы жоқ. Ал бізде мұны қалыпты етіп көрсетеді.
Дегенмен, отандық кинода бұл қалыпты жағдайға қарсы тұратын, шындықтың бетін ашатын сапалы авторлық туындылар да бар. Соның бірі – Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі. Бұл туынды – Қазақстан қоғамындағы шегі көрінбейтін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ащы да шынайы драмасы.
Фильмде тұрмыстық зорлықтың тек физикалық соққы ғана емес, сонымен қатар ішкі мизогиния арқылы да жүзеге асатыны көрсетіледі. Басты кейіпкердің анасы қызына «шыда, қайтып келме» деп ақыл айтса, қызы анасын «мені күйеуімнің туыстарының алдында масқара еттің» деп айыптайды. Бұл – қоғамдағы әйелдердің өздері де байқаусызда патриархалдық қатыгездіктің құралына айналатынын көрсететін терең психологиялық талдау.
Фильм басқалардан шынайылығымен ерекшеленеді. Сценарий авторы Әсем Жәпішева туындының мақсатын былай түсіндіреді:
– Фильмде көрсетілген оқиғаның барлығы жүз пайыз ойдан құрастырылған. Бірақ менің зерттеулерім сценарийге арқау болды. Ең маңыздысы осы болды деп ойлаймын. Ол шынайылықты көрсетті. Егер біз бірін-бірі ұрып жатқан жасанды кейіпкерлерді көрсетіп: «Бұлай жасауға болмайды!» десек, ол өтірік болар еді. Бұл жерде бізге зорлық-зомбылыққа әйелдердің де қатысатынын көрсету маңызды болды. Фильмде басты кейіпкердің әпкесі бар. Ол да зорлық-зомбылыққа атсалысады. Анасы қабылдамайтын қыз бар. Бұл – үлкен психологиялық жараның жиынтығы, – деді ол.
Өкінішке қарай, мұндай терең мағыналы, трагедияны ашып көрсететін фильмдерді көретін аудитория шектеулі, ал жеңіл-желпі, зорлық пен кемсітуді қалыпты ететін коммерциялық комедиялар миллиондаған кассалық табыс тауып, жаппай көрерменнің санасын улауын жалғастырып жатыр.
СТАТИСТИКА КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ
Біз медиадағы жеңіл сөздер мен роликтер- ге күліп қарағанымызбен, ресми статистика қоғамдағы жағдайдың өте қорқынышты екенін дәлелдейді. «Gender.stat.gov»-тың 2024 жылғы мәліметіне сәйкес, әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны жыл сайын 50 мыңнан асады. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жыл сайын 300-ге жуық әйел ауыр зардап шегіп, кемінде 80 әйел өз жақындарының қолынан қаза табады. Ресми органдардың хабарлауынша, полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жыл сайын 100 мыңнан астам хабарлама түседі.
Әсіресе, сталкинг пен қудалау мәселесі қоғамда өте өткір тұр. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 5 ай ішінде сталкинг және отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 41 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 11 мыңнан астамы әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар, сталкинг бойынша 274 қылмыстық іс қозғалып, оның 83-і сотқа жолданды және 59 тұлға сотталды. Ал некеге мәжбүрлеу фактілері бойынша 12 қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
Медиада «қыздың «жоқ» дегені – «иә» дегені» деп әндетіп жүргенде, шынайы өмірде мыңдаған әйел өздерінің бұрынғы күйеуі немесе жігіт тарапынан қудалауға ұшырап, өмірлеріне қауіп төніп жатады. «Жоқ» деген сөзді қабылдай алмау, әйелдің жеке шекарасына қол сұғуды «махаббат жолындағы күрес» деп білу, міне, осы сұмдық статистиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі.
Ән мәтіндерін жазатын ақындар мен сценаристердің жауапкершілігі өте үлкен. Олар жазған әрбір сөз шынайы өмірде біреудің тағдырына, тіпті өміріне әсер етуі мүмкін екенін түсінуі тиіс. Өнер де, медиа да қоғамның айнасы. Бірақ бұл айна тек барды көрсетіп қана қоймайды, ол болашақты да бағдарлайды, жаңа нормаларды қалыптастырады.
Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Әйелдің құқығы сыйланатын, әрбір адамның «жоқ» деген сөзі заңды әрі бұлжытпас шешім ретінде қабылданатын өркениетті ел болғымыз келе ме, әлде ескі патриархалдық шырмауықта, «сұлудың қарсылығы – тек ойын» деп есептейтін абьюзивті ортада қалғымыз келе ме? Бұл сұрақтың жауабы тек заң шығарушыларда ғана емес, сонымен қатар ән жазатын ақындарда, кино түсіретін режиссерлерде, миллиондаған аудиториясы бар блогерлерде және ең бастысы – бізде, яғни тыңдарман мен көрерменде. Біз зорлықты насихаттайтын өнердің нарығын өз қолымызбен жабуымыз керек.
Сұлудың, жалпы әрбір адамның «жоқ» дегені «иә» емес, ол – тек «жоқ» екенін ұмытпайық.
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!