Жақында мемлекет тарапынан қолдау ретінде берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алған Жансая Мейрамбек­қызы цитрустық жемістерді жерсіндіру арқылы өнімге қол жеткізуде. Жуырда ерекше кәсіп иесімен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Жансая, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студентімін. Анам осы университеттің жылыжайында 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, ғылыми бағытта студенттермен тәжірибе жасауда еңбек сіңірген. Ал қазіргі таңда әкем де, анам да «Болашақ» университетінің жылыжайында қызмет етуде. Анам Ақерке Тәжекеева – Болашақ мемлекеттік университетінің жылыжайында агроном, ауыл шаруашылығы ғылымының магистрі. Отбасымызбен түгел сол жылыжайда жұмыс істейміз. Негізінен анамның жылыжай саласында 25 жылдан аса тәжірибесі бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар ғой. Сондықтан ата-анам өмірде де, мамандық таңдауда да алғашқы ұстазым десем артық емес.
Университеттен бөлек үйімізде де түрлі мақсаттағы жеке жылыжайымыз бар. Қаладағы бірнеше мектептің жылыжай кешендеріне осы ғылыми бағыт бойынша кеңес беріп, сабақ өтіп тұрамыз. Мәселен, № 264, № 101, «Дарын» мектептерімен үнемі байланыстамыз. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің жылыжайларына да анализ жасап, бағыт-бағдар көрсетіп жүрміз.
– Цитрусты жемістердің патенті – өңірде бұрын соңды қолға алынбаған дүние. Грантқа ие болатыныңызға сенімді болған шығарсыз?
– Осыған дейін де басқа бизнес жобаларды қорғап, грант конкурстарына қатысқан едім. Алайда ол кезде нәтиже болмады. Бірақ бұл жолы грант ұтатыныма сенімді болдым. Бизнес идеямызды жоба ретінде дайындап, ұсынғанда сұралған қайтарымсыз қаржының көлемі 5 миллион теңге болатын. Алайда конкурс бойынша іріктеу аяқталып, нәтижесінде 2 миллион 700 мың теңгеге ие болдым. Бұйырса, бұл қаражатқа лимон ағаштары мен құлпынай көшеттерін отырғызамын.
Қызылордада цитрустық жемістерді патенттеп, өсіруді қолға алып жатқан алғашқы кәсіпкерміз. Оған арнайы авторлық куәлік алдық. Бұл бизнес идея қашан, қалай туындады? Осыдан біраз бұрын «Болашақ» университетінде цитрусты жеміс, соның ішінде лимонды жерсіндіру мақсатында эксперимент жасап көргенбіз. Екінші жағынан студенттерге ғылыми тәжірибе болсын дедік. Нәтижесінде жемістерді жерсіндірдік. Енді осы эксперименттің қорытындысы ретінде әдістемелік нұсқаулық жазып жатырмыз. Кітапша түрінде жасап, осы бағытта білім алатын студенттерге ұсыну міндеті тұр.
– Қызылордада лимон егудің ерекшелігі неде? Қиындық болған шығар…
– Ең алдымен құлпынай өсіріп көрдік. Жаңа жеміс түрін егіп көрудегі алғашқы мақсат – жерсіндіру. Оны зерттеп, қала ішінде егіп көрдік те, өсетініне көз жеткіздік. Жалпы жылыжайда қажетті технологиясын сақтай отырып, әртүрлі өнімдерді өсіріп көруге болады. Температу­расын, ылғалдылығын бақылап, қажетті дәрумендер мен қорегін уақытылы өз мөлшерімен беріп, заңдылықтарын сақтаса, нәтиже беруі мүмкін. Әрине, бұрын егілмеген жаңа жеміс түрлерін еккенде, Қызылорда облысының топырағы бойынша тәжірибе болмағандықтан түрлі қиындық кездесті. Алайда қиындықтың бәрі – тәжірибе, білім. Бүгінгі күні жылыжайда лимон түйнек салып тұр.
Екі жемісті қатар егуді жөн көруіміздің өзіндік себебі бар. Лимон ағашы алғашқы 2 жылында өнім бермейді, бірден түйнектемейді. Оларды күту керек. Цитрустық жемістер ылғалсүйгіш боп келеді. Сондықтан уақытты босқа жіберіп алмау үшін қосымша құлпынай егуді жоспарладық. Құлпынай еккеннен соң 1 айда-ақ жеміс береді. Бұйырса, лимонның алғашқы өнімін жинағанға дейін жергілікті жерге құлпынай сатып, кәсіп бастаймыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ