ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева «балаларға басқа екпе ретінде коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр» деген қауесетті жоққа шығарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Айнагүл Қуатбаеваның сөзінше, бүгінде мектептерде вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ. 

«Расында әлеуметтік желілерде сондай ақпарат тарап кеткен. Бізге хабарласып жатқан ата-аналар да бар. Бірақ бір құтыда, бір шприцтегі коронавирус пен тұмауға қарсы вакцинаны әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Елімізде 18 жасқа толмаған балаларға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен салынады. Ата-анадан қажет мәлімет беріліп, қолхат алынады. Егер мектеп қандай да болсын екпе салынатын болса, жиналыс өткізіледі. Ал жалпы бүгінде мектеп аясында вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ», – деді Айнагүл Қуатбаева ОКҚ брифингінде. 

Сонымен қатар, Айнагүл Қуатбаева Қазақстанға балаларға арналған вакцина келген жағдайдың өзінде де ол тек ата-анасының рұқсатымен салынатынын атап өтті. 

«Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тарапынан 12-18 жас аралығындағы балаларға салуға рұқсат беріліп отырған вакцина – Pfizer. Егер мемлекетке вакцина келген жағдайда белгілі механизм ұйымдастырылып, халыққа алдын ала хабарланады. Сондықтан алдын ала дүрлігіп, тексерілмеген мәліметке сүйенетін адамдарға айтарымыз сол», – деді Айнагүл Қуатбаева.

Айта кетейік, 2021 жылғы 8 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 6 928 646 адам вакцинаның I компонентін салдырған, ал II компонентін 5 755 817 адам алған.