Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің Facebook парақшасында жазды. Министрлік биыл шілде-тамыз айларында коронавирус анықталған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілерді секвенирлеу әдісімен коронавирус инфекциясына генетикалық зерттеу жүргізген.

«Секвенирлеу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында 96 үлгіде штамдар айналымы белгіленген. Eta штамның пайда болуы 2020 жылдың желтоқсанында белгілі болды, аурудың алғашқы жағдайлары Нигерия мен Ұлыбританияда анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі деректері бойынша Eta штамы әлемнің 77 елінде анықталған, ДДСҰ санаты бойынша “бақылауды” талап ететін штамдарға жатады. “Клиникалық белгілері қызудың көтерілуі, жөтел, иіс пен дәм жоғалту, ауыр ауру және т.б.», − делінген хабарламада.

Мұнан бөлек министр елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60 пайызға төмендегенін айтты. «27 қыркүйектен бастап «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі», – делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хабарламасында.

Ал 22 қыркүйектегі Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Қызылорда облысы – «сары» аймақта. Вирус жұқтырғандар саны – 45. Елімізде пандемия басталғалы алғаш рет Ashyq-та статусы «қауіпсіз» қонақтармен той өткізуге болады. Атап айтқанда, салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды банкет, үйлену тойы, мерейтой өткізуге рұқсат беріліп отыр. «Сары» аймақтағы қызылордалықтар тойханаға 50 пайыз жиналып, 70 орыннан аспауы қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!