Біз күнделікті қолданып жүрген қарапайым заттардың артында кейде ақылға сыймайтын, тіпті иронияға толы беймәлім тарих бұғып жатады. Мәселен, балаларға арналған ермексаздың басты мақсаты – үйдің түсқағаздарын тазалау, ал спортзалдағы жүгіретін жол қылмыскерлерді түзететін құрал болған деседі. Дәл осы сияқты саусағымыздың астында сырғитын «QWERTY» пернетақтасындағы әріптердің ретсіздігі де ойланбай жасалған кездейсоқтық емес.

Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Кристофер Шоулс алғашқы баспа машинкасын құрастырғанда, әріптер саптағы сарбаздардай алфавит ретімен қаз-қатар тізіліп тұратын. Әрбір пернені басқан сайын сияға малынған кішкентай металл орнынан ыршып шығып, қағазды дөп соғатын. Бастапқыда бұл жүйе мінсіз көрінгенімен, машинистердің теру жылдамдығы артқан сәтте нағыз техникалық дүрбелең басталды. Ағылшын тіліндегі жиі кездесетін көршілес әріптер бірінен кейін бірі ұмтылғанда, олардың металл бөлшегі ауада бір-бірімен айқасып, кептеліп қала беретін. Кептелген тетіктерді ажыратамын деп әлек болған машинистер машинканы бұзып, жұмысы біраз уақытқа тоқтап қалатын.

Кейін бұл мәселенің алдын алу үшін өнертапқыштар тығырықтан шығудың таңғаларлық жолын тапты. Мәтін терушілердің жұмысын тездету – шешім емес. Керісінше, олардың саусақтарын бәсеңдету керек. Ең жиі кездесетін әріптерді бір-бірінен барынша алыстатып, саусақ әрең жететін бұрыштарға шашып тастады. Осылайша, әріптердің ауадағы қақтығысын тоқтатқан атышулы «QWERTY» атты орналасу жүйесі өмірге келді.

Бүгінде компьютер экранында темірлер соғыспайды, бірақ біз ескі заманның сол бір «баяулату қулығына» әлі күнге дейін бағынып келеміз. Алайда бұл әділетсіздікке бәрі бірдей көне берген жоқ. Вашингтон университетінің профессоры Артур Дворак адам анатомиясына сай келетін «Dvorak» жүйесін ойлап тапты. Бұл орналасуда ең жиі қолданылатын дауысты әріптер сол қолдың, ал негізгі дауыссыз әріптер оң қолдың ыңғайына ортаңғы қатарға орналастырылған.

Айырмашылықты елестетіп көріңізші. 8 сағаттық стандартты жұмыс күнінде саусақтарыңыз үйреншікті «QWERTY» пернетақтасымен жаңа марафон жүгіріп, шамамен 7 шақырым жолды басып өтеді. Ал Артур Дворактың ойлап тапқан жүйесіде саусақтарымыздың саяхаты небәрі 2 шақырымға дейін қысқарып, теру жылдамдығы екі есеге дерлік артады.

Ал бізге үйреншікті қазақ пернетақтасы орыс әріптерінің орналасуына ұқсайды. Тек төл әріптердің қолданылуы сәл өзгеше. Оны сіз жиі бақылайсыз. Бірақ бұл жүйе біздің жұмысты қиындатанынын білесіз бе? Себебі орыс тілі мен қазақ тілі екі түрлі топқа жатады.

Дегенмен шешім бар. Халықаралық ІТ Университет студенттері Ерғали Адамбаев пен Диас Жүнісбеков қазақ тілінде жасалған компьютер пернетақтасын ойлап тапқан. Ол қазақ тілінде мәтіндерді жылдам теруге мүмкіндік береді. Қазақстандық пернетақтаның өзгелерден ерекшелігі «орыс және қазақ» тіліне ортақ компьютерлік бағдарлама болады. Ал қазақ әліпбиіндегі 9 әріп жеке-жеке қосылған. Лингвистикалық заңдылықтарға сәйкес әріптер барынша ыңғайлы етіп орналасқан.

Қызық, ә? Әріптердің орналасуы да бөлек бір заңдылық. Ал сіз бұл туралы білдіңіз бе?

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!