Үйдегі ауаның тазалығы – жайлылықпен қатар, адам денсаулығына да әсер ететін маңызды фактор. Күнделікті тұрмыста қолданылатын пластик, тұрмыстық химия және түрлі синтетикалық материалдар ауаға белгілі бір мөлшерде химиялық қосылыстар бөлуі мүмкін. Осындай жағдайда бөлме өсімдіктерінің пайдасы ерекше.
NASA зерттеушілері жүргізген зерттеулерде кейбір бөлме өсімдіктері ауа құрамындағы бірқатар зиянды заттарды сіңіруге қабілетті екені анықталған. Сондықтан үйге гүл таңдау кезінде оның сыртқы көрінісімен қатар, ауаны тазартудағы қасиетін де ескерген жөн.
Бамбук пальмасы, яғни хамедорея – ауаны тазартуға қабілетті бөлме өсімдіктерінің бірі. Ол бензол, формальдегид секілді кейбір ұшпа органикалық қосылыстарды өз бойына сіңіреді. Мұндай заттар пластикте, тұрмыстық химия өнімдерінде және түрлі синтетикалық материалдарда кездесуі мүмкін. Хамедореяның тағы бір артықшылығы – үй жануарларына қауіпсіз өсімдіктердің қатарына жататыны. Сондықтан оны үйде жануар ұстайтын адамдар да алаңдамай өсіре алады. Алайда пальмаға орын таңдағанда абай болған жөн. Оны тікелей күн сәулесі түсетін жерге қоюға болмайды. Күннің қатты сәулесі жапырақтарын күйдіріп жіберуі мүмкін. Сонымен бірге өсімдікке мүлдем жарық түспейтін қараңғы бұрыш та қолайсыз. Ең дұрысы жарығы мол, бірақ күн сәулесі тікелей түспейтін жартылай көлеңкелі орын.
Нефролепис – үй жағдайында өсіруге қолайлы папоротниктің бір түрі. Ол бөлме ауасын кейбір зиянды қосылыстардан тазартуға көмектеседі. Сонымен қатар үй жануарлары үшін қауіпсіз өсімдіктердің бірі саналады. Нефролепис те тікелей күн сәулесін ұнатпайды. Сондықтан оны терезенің дәл алдына қойғаннан гөрі, жарық жанама түсетін жерге орналастырған дұрыс. Дегенмен өсімдікке жарық бәрібір қажет. Егер бөлме қараңғылау болса, арнайы өсімдік шамын пайдалануға болады. Папоротник ылғалды жақсы көреді. Сондықтан топырақтың қатты кеуіп кетпеуін қадағалаған жөн. Жапырақтарына суды мезгіл-мезгіл бүркіп тұру да өсімдікке қолайлы жағдай жасауға көмектеседі.
Халық арасында «әйел бақыты» деп аталатын спатифиллум – әдемі гүлдейтін әрі бөлме ауасын тазартуға көмектесетін өсімдіктердің бірі. Ол бензол және басқа да кейбір зиянды қосылыстарды сіңіруге қабілетті. Алайда бұл өсімдіктің бір ерекшелігі бар, спатифиллум үй жануарларына зиянды болуы мүмкін. Сондықтан мысық немесе ит ұстайтын адамдар оны жануарлардың қолы жетпейтін жерге қойғаны дұрыс. Спатифиллумға жарығы тым қатты түспейтін орын қолайлы. Оны терезе маңына орналастыруға болады, бірақ жапырақтарына күннің тікелей сәулесі түспеуі керек. Өсімдік ылғалды жақсы көретіндіктен, суаруды ұмытпау маңызды.
Хлорофитумды көпшілік жақсы біледі. Әсіресе оны балалар бөлмесіне жиі қояды. Оның басты артықшылығы – күтімінің жеңілдігі әрі бөлме ауасын тазартуға көмектесуі. Хлорофитум жарық шашыраңқы түсетін жерді жақсы көреді. Бірақ жарығы аздау бөлмеде де өсе алады. Осы қасиеті оны жаңадан гүл өсіріп жүргендер үшін де ыңғайлы етеді. Жалпы, хлорофитум аса талғампаз емес және дұрыс күтім жасалған жағдайда тез өсіп, жан-жаққа тараған жапырақтарымен бөлменің көркін аша түседі.
Үй өсімдіктерінің ішінде орхидеяның орны ерекше. Әсіресе фаленопсис аталатын түрі өзінің әдемі гүлімен кез келген интерьерді ажарландырады. Көпшілік оны күтімі күрделі өсімдік деп есептегенімен, дұрыс жағдай жасай білсеңіз үйде өсіру қиын емес. Орхидея жарықты жақсы көреді. Бірақ тікелей күн сәулесі оның жапырақтарына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан оны жарық мол түсетін, бірақ күннің аптап сәулесі тікелей түспейтін терезе алдына қойған дұрыс. Әсіресе оңтүстік жақтағы терезеде абай болған жөн. Орхидеяны суаруда асықпау керек. Оның топырағы толықтай дерлік кепкен кезде ғана суарған дұрыс. Саусағыңызбен топырақтың ылғалдылығын тексеріп көруге болады. Егер ішкі қабаты әлі дымқыл болса, гүлді қайта суаруға әлі ерте.
Бөлме өсімдіктері интерьерді безендіріп қана қоймай, үйде жайлы орта қалыптастыруға көмектеседі. Дегенмен гүлдерді «ауа тазартқыш құрылғының» толық баламасы деп қабылдамаған жөн. Үйдегі ауаның сапасын жақсартудың ең тиімді жолы бөлмені тұрақты желдету, шаң-тозаңды уақытылы тазалау және қажет болған жағдайда ауа тазартқыш құрылғыларды пайдалану. Ал бөлме өсімдіктері осы әдеттермен қатар үйге табиғи жасыл реңк беріп, кеңістікті жандандыра түседі. Ең бастысы әр өсімдіктің жарыққа, суға және ылғалға деген талабын ескеріп, соған сай күтім жасау. Сонда үйдегі жасыл желек көз қуанышына айналып қана қоймай, жайлы атмосфера қалыптастыруға да септігін тигізеді.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
