Салон қызметкерінің лицензиясы және басқа да медициналық қызметпен айналысуға рұқсаты болмаған.

Өскемендегі сұлулық салондарының бірінде көзіне блефаропластика отасын жасатқан әйел көп ұзамай көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сұлулық салонына 1962 жылы туған әйел көзіне блефаропластика жасау үшін жүгінген.

“Салон қызметкерінің лицензиясы және басқа да медициналық қызметпен айналысуға рұқсаты болмаған. Біраз уақыттан кейін науқас ауырып, жедел түрде жансақтау бөліміне жіберілді. Алайда ол көп ұзамай қайтыс болды», – делінген қалалық прокуратура хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел анафилактикалық шок алған.

Белгілі болғандай, 16 сәуірде полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігі (Осы қызмет түріне сертификаты (немесе) лицензиясы жоқ адамның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы, егер бұл абайсызда адам өліміне әкеп соқса) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 

Айта кетерлігі, ҚР Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігінде қарастырылған жаз бойынша үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!