Коронавируспен күрес бойынша барлық мәселені Ведомствоаралық комиссия отырыстарында жедел қарау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырудың көбейгенін, әсіресе, елорда және Қарағанды облысында өскенін көріп отырмыз. Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондықтан Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті, олар өңірлермен және «Атамекен» палатасымен алдын ала келісілді», – деді Ә. Смайылов.
Осы орайда Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуі қажет екенін тапсырды. «Шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету керек. Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы маңызды. Вакцинациялау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. Барлық проблемалық мәселелерді Ведомствоаралық комиссия отырыстарында жедел қарап, тиісті шаралар қабылдау қажет», – деді Әлихан Смайлов, Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында қыркүйек айында коронавирустың таралуы төмендеуі мүмкін екені айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!