Ревакцинация жасау үшін облыста екпе қоры жеткілікті. Бүгінгі күні облыста ревакциналау үшін «QazVac», «SinoVac», «Pfizer» препараттары қолданылуда. Жақын арада ревакцинациялау үшін ресейлік бір компонентті «Спутник Лайт» препараты келеді деп күтілуде. Ревакцинациялау облыс бойынша 106 екпе кабинеттерінде жүргізіледі.

«Бастапқы вакцинациудан соң белгілі уақыт өткеннен кейін иммундық қорғаныс төмендей бастайды. Осы кезде қосымша дозаны алу маңызды. Себебі қорғаныш деңгейі әлсіреген ағза вирус жұқтыруға бейім келеді. Өткен жылдың қарашасынан басталған ревакцинациядан барлығы 36709 адам өтті. Басым көпшілігі облыс орталығының үлесінде, аудандар бойынша жоғары көрсеткіштер Арал, Қазалы, Жаңақорған өңірлеріне тиесілі», – деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, кәсіп түрлері бойынша медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылымдар қызметкерлері көш бастап тұр. Облыс көлемінде иммундаудан кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Еске салсақ, Қызылордада 418 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.