Қызылша – ауа-тамшы жолымен жұғатын жедел жұқпалы вирусты ауру. Инфекцияның көзі – науқас адам. Бастапқы 10 күнде науқас адам өте жұқпалы болып есептеледі. Бұл аурумен барлық жастағылар ауырады, көбінесе балалар жиі ауырғанымен, оларға жаппай екпе жасалынып жатқандықтан, соңғы кезде ересектер арасында аурушаңдық артуда.
Ару белгілері байқалса, жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы қажет. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойы тексереді.
Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл инфекцияның емі жоқ. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Сондықтан ол жұқпалы жоғары тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады. Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қазір ол коронавирус тәрізді жылдам жұғып, тез таралады.Вирустың алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Сол үшін дер кезінде дәрігерге жүгіну керек. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа қадейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі, қызылшаны арнайы емдеу тәсілі жоқ. Науқас сұйықтық көп ішуі керек. Дәрігер науқасқа қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы дәрілер мен витаминдер тағайындайды. Асқынған науқастар ауруханаға жатқызылады.
Қызылшамен ауырмаудың ең тиімді әдісі – вакцина алу. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина тегін.

Гулдана БАЛАПАНОВА,
№6 қалалық емхананың
мейіргері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!