2020 жылдан бері коронавирус инфекциясымен Қызылорда облысында 17 106 науқас тіркеліп, 15 539-ы емделіп шықты. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясымен 69 жағдай Қызылорда қаласында – 34, Арал – 1, Қазалы – 2, Қармақшы – 5, Жалағаш – 1, Сырдария – 4, Шиелі – 8, Жаңақорған – 14 науқас тіркелді. 15 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына зер салсақ, Қызылорда облысы «сары» аймақта.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова індетке қарсы атқарылған шараларға тоқталып, денсаулық сақтау саласының алдағы міндеттерін саралады.

“Жолдауда Президент адамзаттың көптеген қауіпті індетті бастан өткергенін және вакцина пайда болғаннан кейін ғана аты жаман дерттерге тосқауыл қойылғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Жолдауында ДДСҰ тіркелген вакциналарды тезірек сатып алуды тапсырды. Ақпан айында басталған вакцинаны бүгінге дейін 1-компонентті 314 700 доза, 2-компонентті 274 290 доза жеткізілді. Қазіргі уақытта облыста вакцинаның 3 түрі бар. Олар: Гам-КОВИД-Вак (“Спутник V”), «Qaz Covid-in», «Sinopharm Vero Cell» қолданылуда. Оған қоса «Hayat-Vax», «Коронавак» вакциналары бар. Басым көпшілігі коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алмаған адамдар арасында ауру тіркелуде. Ал жан сақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастардың 95 пайыздан астамы вакцина салдырмаған азаматтар. Бүгінгі күні вакцина қабылдаған бірқатар еңбек ұжымдарында ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айтуға болады. Себебі былтыр медицина мамандары арасында коронавирус инфекциясына шалдығу жағдайлары көптеп орын алды, − деді Әлия Мүтәліпқызы.

Коронавирус сияқты респираторлық вирустар адам ағзасына көз, мұрын немесе тамақ арқылы құрамында вирусы бар шырыш немесе тамшылардың түсуі арқылы таралады. Көбінесе таралу қол арқылы болады. Қол − вирустың бір адамнан екінші адамға таралуының ең жиі кездесетін жолының бірі.

Жаһандық пандемия кезінде вирус таралуының алдын алудың ең қолжетімді, қарапайым және маңызды тәсілдерінің бірі – қолды сабынмен және сумен жиі жуу. ЮНИСЕФ қолды дұрыс жуу туралы  ақпарат ұсынды. Қолды тез жуу және шаю вирустан толық құтылуға көмектеспейді. Қолды кемінде бір минутқа жетер-жетпес уақыт аралығында жуу қажет. Қолымызды кез келген температурадағы сумен жууға болады. Микробтар құрғақ теріге қарағанда ылғал теріде оңай таралады, сондықтан қолды толық кептіру маңызды шарт. Қағаз сүлгілер немесе таза майлықтар − микробтарды жоюдың ең тиімді жолы.

«Сары аймақта» болу салғырттықты көтермейді. Сақтық қажет. Ересектер сақтық шараларына жіті мән берсе, балаларға қауіп төнбесі анық.

Гүлбану ҮСЕНҚЫЗЫ