Таяуда ғана Қызылорда қаласындағы массаж орталықтарының бірінде балақайды парафинмен күйдіріп алу оқиғасы тіркелген еді. Бүгінде жағдай жан-жақты зерделенуде. Ал мамандардың айтуынша, баланың денсаулығы қалыпты.

– «Шипалы алақан» массаж орталығына 8 мамыр күні баламды апардым. Әлия есімді массажист баламды парафинге күйдіріп, қазір ауруханада жатырмыз. Баламның жағдайы ауыр, 3-дәрежелі күйік шалды. Қазір «асқыну процесі» болып, баламның температурасы күнде көтеріліп, салмағы түсіп жатыр, – деп жазды Facebook әлеу­меттік желісінде баланың анасы Ақмарал Бөлебаева.
Біз баланың анасымен телефон арқылы тілдеспек болдық. Әйтсе де, осындай ауыр жағдайдан соң ол сөйлесе алмайтынын айтты. Ал Әлия есімді маман да желіде уәжін айтты.
– Бүгін желіге шыққан мен – Әлия, «Шипалы алақанның» негізін қалаушысымын. Бұл жағдайдың болғаны рас. Бірақ, ол күні мен массажын жасап бердім. Парафинді көмекшім қойған болатын. Абайсызда болған жағдай. Ешкім әдейілеп жасамады. Анасы ол уақытта қасында тұрды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Кешіріммен қарауларыңызды өтінемін. Көмекші қыз жұмыстан шығарылды. Кешірім сұрадық. Баланың еміне деп 200 мың теңге ақша аудардық, – дейді орталық өкілі.
Баланың денсаулығын білу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық.
– 8 мамыр күні 1 жасар науқас бала жедел жәрдеммен көпбейінді облыстық балалар ауруханасына түсіп, нейрохирургия және травмотология-ортопедия бөліміне жатқызылған болатын. Қазіргі таңда жүргізілген емнен кейін жағдайы тұрақты динамикада жақсаруда. Бала бөлімшеде емін жалғастыруда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.
Бесіктен белі шықпай жатып, күйік жарақатын алып шырылдаған баланы осындай күйге түсірген орталық жөнінде сұрап,
– Қазір маған өңірдегі БАҚ құралдары осы мәселеге байланысты хабарласып жатыр. Біз заң шеңберінде жұмыс істейміз. Баланың жағдайын білгіңіз келсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарлассаңыз болады. Біз баланың жағдайын біліп отырмыз. Бірақ баланы күйік шалған орталықты дәл қазір тексере алмаймыз. Өйткені, оның ата-анасынан ешқандай шағым түскен жоқ. Ал егер түсіп жатса, заң аясында тексереміз, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова.
Дей тұрғанмен, орталық тексеріссіз қалған жоқ. Құзырлы орган өкілдері де өз қызметтерін орындау үстінде. Қызылорда қалалық полиция басқармасы аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. «Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету дерегі бойынша) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді» делінген хабарламада.

P.S. Деннің саулығын қамтамасыз етіп, ауырмаудың жолын іздеу керегін айтқан қазекем қай істі де өзінің маманы орындағаны ләзім екенін айтқан ғой. Ал денсаулық сақтау саласындағылар бұл ретте жауапкершілік жүгінің ауыр екенін айтады. Қандай ем-дом қабылдар болса да мемлекеттік лицензиясы бар орталықтарға бару керегін ескертуде. Ендеше, арғы түйін өзіңізден, қадірлі оқырман!

фото ғаламтордан алынды

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!