Фото: filippoventuri.photography

ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов пітір садақа мөлшері қалай белгіленгенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:

Бидай 2 кг – 341 теңге.

Ұн 2 кг – 640 теңге.

Арпа 4 кг – 701 теңге.

Мейіз 2 кг – 5745 теңге.

Құрма 4 кг – 8536 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб, – дейді ҚМДБ төраға орынбасары.

Осыған орай 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді.

Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, – дейді ҚМДБ төраға орынбасары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!