Қазақ тәліміндегі пәлсапаның тереңдігі сол, өзгелер таңдай қаға тамсанатындай. Біз бүгінгі сұхбатта Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Асхат Ерубаймен қазақ ұғымындағы құндылықтардың қаншалықты маңызды екенін, радикалды идеологияның қайдан шыққанын, қалай келгенін талқыладық.

– Асхат Рустамұлы, радикалды идеология – қоғам үшін жасырын қауіп. Келісесіз бе?

– «Радикализм деген не?». Осы сұраққа жауап қажет. Әңгімені әріден бастасақ, бұл ұғым қашан келді, сөздік қорымызға қашан енді деген тәрізді сауалға тірелеміз. Бұл ұғым біздің ата-бабамыздың дәуірінде де қолданыста болған. Хандық дәуірде бір елді басып алу үшін халықтың арасына іріткі салып, адамдардың арасын жік-жікке бөліп, өз мақсаттарына қолданатындар да болған. Ол уақытта ақсақалдар институты жоғары деңгейде дамыған. Осындай қауіп-қатерден сақтап, елді тура жолдан адастырмай, дұрыс бағытқа алып жүрген.

Абайдың да, Шәкәрімнің де шығармаларында кейбір діндар кісілерді сын нысанасына алатынын байқаймыз. Оның барлығы неден? Сол кезеңдегі молдалардың дінді қатқыл, радикалды формада жеткізгені үшін сынады. Радикализмді жалпақ тілмен айтқанда, дінді қатқыл ұстану десек болады. Олар үшін әлемде екі ғана түс бар: ақ пен қара. Жайқалған жасыл-желек те, мөлдіреп аққан бұлақтың түсі де – ол ұғымда ешнәрсе емес. Тіпті жоқ десек те болады.

– Әрине, бұл – кешегі жағдай. Бүгінгі радикализм де дәл осылай ма? Біз қандай радикализммен күресіп жүрміз?

– Қазіргі біз күресіп жатқан радикалды идеологияның келуі тәуелсіздік алған уақытпен тұстасады. Жетпіс жылдық бодан болып, түрлі идеологияны бастан өткерген бізге бұл әрине, оңай болмады. Оған дейін түрмесіз далада мал баққан, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ұлы құндылықтары бар ел едік. Әр адамның ар-ожданына бекітілген заңы бар халық болдық. Жетпіс жылдық идеологияның кесірінен көп нәрседен айырылдық. Тәуелсіздік алған тұста сол кездегі халықтың кеудесінде бір бос орын пайда болды. Мұны ішкі вакуум деп айтсақ болады.

«Келдім қайдан,

Не етсем пайдам,

Өлгеннен соң не болам?» деп Шәкәрім де үш сұрақ қойды емес пе?! Осы сұрақтың қай-қайсысына да дін жауап береді. Бір сұрағына жауап берер салалар болуы мүмкін. Бірақ дін барлық сұрағына жауап бере алады,

– «Дін – ғылымның анасы» деген Мұқағали. Дінді тұтас ғылым деп алсақ…

– Әрине, дінді ғылымнан бөліп алып, қателік жасап жүргендер көп. Дін – ғылым деген сөздің бір синонимі. Мына әлемнің әрбір жаратылысын діннен білуге болады.

– Әлгіндегі рухани бос орын туралы айтып қалдыңыз. Демек, сол тұста адамдар сол орынды толтырмаққа бекінді. Дұрыс түсіндім бе?

– Иә, сол кезде адамдар жеке бастарымен ізденді. Оқуға барды. Бірақ қай жерде оқыса, сол жердің мәдениетін дін деп білген кез болды. Дін мен мәдениетті ажырата алмай қалдық. Өйткені, оның ақ-қарасын ажыратып беретін иммунитет жоқ еді. Ол үзіліп қалған болатын. Мәдениетті әкеліп, дін деп таныстырды, саяси сыртқы күштердің ықпалы болды, осы кезде мақсаты мен міндеті біздің ел мұратымен үндеспейтін түрлі топ, идеологиялар елімізге көптеп кірді. Кеудесінде рухани бос кеңістігі бар біздің бауырларымыз оларға таптырмас мүмкіндікке айналды. Сондықтан олар өздерінің уағыздары мен көзқарасын таратты.

– Қазір осы көзқарасты қуаттап, радикалды бағытта жүргендер бар ма?

– Өз тамырынан ажырап кетіп жатқан, өзінің негізін жоғалтып жатқан немесе негізі бола тұра өзге жолды таңдап кетіп, осы радикалды идеологияның ықпалында кетіп жатқандар әлі де баршылық.

– Сонда олардың келіспейтін тұстары қандай?

– Қазір ел дамуында түрлі бағдарлама мен жобалар бар. Мемлекет басшысының қолдауымен салынып жатқан инвестициялар, өндірістегі даму тәрізді даму даңғылына бағыттайтын сан түрлі іс-шара бар. Олар осыған кетіп жатқан қаржыны халықтың әл-ауқатын көтеруге берсе дейді. Ал бұл жобалардың түп негізіне үңілсек, онсыз да халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жаңа жұмыс орны да ашылып жатыр.

– Рухани байлық деп отырмыз ғой. Сол рухани бос орынның қажетті нәрсемен толмауының зардабы қандай?

– Ол әлеуметтік жағдайдан да жоғары. Адамның рухани бай болуы қандай қоғамда да маңызды рөл атқарады.

– Сөз басында радикалды идеологияның қауіпі туралы сұрақ болған. Осыған тоқталып өтіңізші. Қаншалықты қауіпті?

– Бұл бағыттағылар жымысқы әрі жасырын әрекеттерді көп қолданады. Өйткені, адамның санасымен жұмыс істейді. «Қой терісін жамылған қасқырлар» белгілі бір өздерінің мақсат-мүдделеріне жетемін дегенше шынайы бет-бейнесін көрсетпейді. Қоғамды қолдайтын адам ретінде көрсетеді. 2011-2016 жылдары болған біршама теракт, әлемде болып жатқан түрлі дүмпулер… Осылардың барлығы – бір кездері уланған сананың нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, қауіпі – адамды адамдықтан айыру. Олардың көзқарасында отбасы институты – ең әлсіз институт. Әйелді бала-шағасымен қоса тастап кетіп, басқа әйел ала салады. Мұның өзі адамдыққа жат ұғым емес пе?! Кейбір жануарлардың өзі бұл жерде адамнан жоғары тұрады.

– Адамды адамдықтан айыру деп жатсыз. Сол адамнан ұлт құралады. Мақсатының бір ұшы ұлтты жоюмен астасуы мүмкін бе?

– Ең басты миссиясы деуге болады. Мұхтар Шахановтың «тіліңді ұмытсаң, діліңді ұмытсаң, жоғалтасың, жоғалтасың бәрін» деген өлең жолдары бар. Адамды адам ғып тұратын құндылықтар ғой. Ал құндылықтарды жоғалтқан адам, адам емес, робот. Ал роботты басқару оңай.

Мақсаты деп айтып отырмыз ғой, бұл мақсатты өздері де білмеуі мүмкін. Мен төменгі жағын айтып отырмын. Тек пәрменмен жұмыс істеуі кәдік. Ал ең төбесіндегілердің мақсаты – адамдарды тобырлыққа жетелеу. Былай айтқанда, миын алып тастау. Ал ондай тобырды мақсатыңа қарай пайдалану оңай. Абайдың «көпте ақыл жоқ» дейтіні осыдан.

– Осы кездегі қауіпті 100 баллмен есептегенде қалай баға берер едіңіз?

– Қатер бар, бірақ аса зор деп айта алмаймын. Он пайыз деп айта аламын. Өйткені, елімізде осы біздің орталықтағы мамандар тәрізді білікті адамдар жұмыс істеп жатыр. Сол үздіксіз жұмыстың нәтижесінде төменгі көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!