Qaz365.kz. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде түрлі діни уағыздар көбейіп, олардың кейбірі қоғамда қызу пікірталас тудырып жүр. Жақында имам Арман Қуанышбаевтың сәукеле туралы айтқан пікірі жұртшылықтың наразылығына себеп болды.
Qaz365.kz редакциясы осы уағызға байланысты этнограф Құндыз Тұрдықызының пікірін сұрады.
Уағыз айтқан имам қазақ дәстүрінде ұзатылған қызды «өз үйінде өлген адам» ретінде санағанын айтып, сәукеленің бастапқыда қайтыс болған адамға кигізілетін бас киім болғанын мәлімдеген.
«Егер сіз қызыңызды ұзатсаңыз: “еті де сенікі, сүйегі де сенікі” деп ұзатасыз. Сол үшін қызға өлі-тірісін береді. Сол үшін ол “өлді” деп айтылады. Қазақ халқында өлген адамға сәукеле кигізеді. Анау алтын адамдар бар ғой? Соның басындағы сәукелесін білесіз бе? Сол өлген адамға кигізілетін нәрсе. Оны тірі адам кимейді негізі. Сол үшін ұзатылған қызға сәукеле кигізеді. “Мынау қыз біздің үйден өлді”. Яғни, ол өлсе де, сүйегі мынау үйден шықпайды. Жерлемейміз. Кімнің үйінен шығады? Қызды алған үйден шығады. “Еті де сенікі, сүйегі де сенікі” дейді. Аманатты, қызды сүйтіп алады», — деген еді Арман Қуанышбаев.
Бұл пікірге әлеуметтік желі қолданушылары қарсылық білдіріп, мұндай тұжырымдардың қазақтың салт-дәстүріне де, ислам қағидаттарына да сәйкес келмейтінін жазды.
Осы мәселеге байланысты Qaz365.kz тілшісі этнограф Құндыз Тұрдықызынан пікір сұрады.
Этнографтың айтуынша, қазақ дәстүрінде «өлі-тірі» деген ұғым болғанымен, оның қызды «өлді» деп санауға ешқандай қатысы жоқ.
«Өлі-тірі деген дәстүр бар. Бірақ «қыз үйден өліп кетті» демейді. Иә, ол басқа әулетке бара жатыр, бірақ сол жақты көктетуге бара жатыр ғой. Еті де, сүйегі де сенікі, сұралмайды деген де әңгіме жоқ. Мысалы, Ұлбикені ұрып өлтірген күйеуін, Ұлбикенің босағасына байлап берген оқиғалар бар ғой тарихта. Сұрауы бар. Ал қайтыс болғанда, иә, күйеуінің үйіне барған соң, сүйегі сол үйден шығады. Онысы дұрыс. Бірақ «еті де, сүйегі де сенікі» деген жоқ. Ол баланы медресеге мұғалімнің қолына бергенде айтатын сөз ғой», — деді ол.
Этнограф бұл ғұрыптың мәнін түсіндіріп, ұзатылған қыздың төркінінен ажырап кетпейтінін айтты.
«Өлі-тірі дегеніміз — күйеу жағы құда түсу рәсімі кезінде қыздың үйіне арнайы мал апарып, кәде жасау дәстүрі. Бұл қыздың өз әулетінен «өлді» дегенді білдірмейді. Бұл дәстүрде өлі мен тірінің алдында екі жақ ақ ниеттеміз, аруақтар разы болсын деген мағына жатыр. Қыз басқа шаңыраққа барғанымен, өз төркінінен ажырап кетпейді», — дейді Құндыз Тұрдықызы.
Сондай-ақ ол сәукеленің марқұмдарға арналған киім болғаны туралы пікірді жоққа шығарды.
«Сәукеле — ұзатылып бара жатқан қыздың ең сәнді әрі мәртебелі бас киімі. Оның биік етіп жасалуының өзіндік мәні бар. Беташар кезінде келіннің жүзін жауып тұрады әрі жаңа түскен келінді өзгелерден айрықшалап көрсетеді. Бай-дәулетті отбасылар сәукелені алтынмен, күміспен және бағалы тастармен әшекейлеген. Сондықтан «сәукелені өлген адамға кигізген» деген сөздің тарихи негізі жоқ», — деді этнограф.
Айта кетейік, Арман Қуанышбаевтың бұл пікірі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік арасында қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен тарихи мұрасы туралы жаңсақ түсініктердің таралуына қатысты алаңдаушылық туғызды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
