Әр істі «бісмілләсіз» бастамайтын қазақтың тумысынан ислам дінімен тамыры біте қайнасқан тәрізді. Дәстүрі мен діні бір-бірімен үндестік тауып жатады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған Абай да, «Дін – ғылымның атасы» деген Мұқағали да әрбір сөздің байыбына барып, түп төркініне бойлай алды емес пе?! Бәлкім, келісерсіз, бәлкім келіспессіз, бірақ өмірден алынған бірнеше мысал сөзімізге тұздық болсын.

«Офицердің құжаты алдыма ұшып келді»…

Ертеректе майдангердің ұлымен сапарлас болып, біршама тілдесіп қалғанбыз. Әңгіме арасында имандылық жайлы, сабыр туралы жиі қозғалды. Өзін білім саласының өкілі екенін айтқан кейіпкеріміз майдангер жайлы көп естеліктерін айтқан еді…

«Атам бес уақыт намазын қаза қылмайтын жан еді… Майдан даласында окоптың жоғарғы тұсын басың сиятындай етіп, оясың да, соған басыңды сауғалайтын кез болады. Бірде орыстың офицері өзі таса оюға ерініп, атамның орнын тартып алады ғой. Атам қарсыласқанмен ештеңе шықпайды, офицер тапаншасын кезепті. Амалсыз орнын беріп, жаңа орын жасап алмаққа шегінген сәтінде өзінің бұрынғы орнына снаряд түсіп, әлгі офицердің әскери билеті атамның алдына ұшып барған екен. Тағы бірде жау әскерімен бетпе-бет келіп, қойын-қолтық шайқасқа түскенде атамның қарсыласы өзінен 2-3 есе келетін үлкен адам болыпты. Адам өзінің шама-шарқы мен қауқарын біледі ғой, атам сол сәтте кейін шегіне беріпті, шегіне беріпті. Бір кезде үлкен құдыққа топ етіп түсіп кетеді. Ал біршама уақыттан соң есін жинап, құдықтан шықса, біздің әскер тып-типыл болыпты. Әр дұғасында елдің амандығын, бейбіт өмірді сұраған атамның тілеуі қабыл болып, елге аман-есен жетті. Бірақ, оның бес уақыт оқыған намазы қай кезде де қорған болып жүретініне көзіміз жеткен», – деді кейіпкеріміз.

«Қаншалықты берсең, соншалықты аласың…»

Көлік базардың іші ығы-жығы, кісі қарасы қалың. Қасымдағы жігіт көне көлігін сатуға шығарыпты. Мақсаты – жаңасын алу. Талай тақырыпты қаузадық. Соның бірін айтайын.

«Көп жыл бұрын бір машина сатып едім. Алушының аурушаң баласы бар екен. Туабітті ме деп пайымдадым. Менің көлігімді алуға несие алыпты. Ал көлік іздеп табамын дегенше, несиенің алғашқы төлем күні де кеп қапты. Әрі-бері ойланып, менімен келіскен бағаның біршама бөлігін несиесіне төлеген. Одан мұны алғаннан кейін құжатын да заңдастыру ақша ғой деп күмілжіп қалды. Көп ойланбадым, дереу онлайн рәсімдеп, құжатының барлығын өзім реттедім және алғашқы төлем жасаған қаржыны да қарыз деп есептемедім. Қайтарамын деген сөзіне әлгі ініме дәрі-дәрмекке жұмсаңыз деп, тақырыпты жаптым. Арада біршама уақыт өтті, әлгі қаражат керегіме жарап, шағын кәсіп аштым, оны әрі қарай дөңгелетіп, берекесін көрудемін. Міне, қолыңдағы барды қаншалықты бөліссең, мұқтаждарға қаншалықты көмектессең, қаншалықты садақа берсең, соншалықты несібең де артады», – деді көлік сатушы.

«Қарызды кешірдім де, табысқа кенелдім»

Қазақта «Итке бір сүйек қарыз» деген сөз бар. Айналасындағылардан қарызды көп алып, алған қарызын қарызбен жауып жүретін жандар болады. Сондайда бір досымның «Өзіңде жоқ ақшаны жұмсама» деген сөзі ойыма оралады. Қош, айтатынымыз бұл емес. Тағы бір кейіпкеріміздің басынан өткен жайға куә болдық.

«Рамазан айы болатын. Қарыз сұрағыш танысым шиеттей бала-шағамның аузынан жырып, үй саламындеген ақшамның көп бөлігін сұрап алған. Бірақ кейін білдім, ол құмар ойынына салып жіберіпті. Рамазан айының жұмасында әлгі танысыма хабарласып, қарызын кешіргенімді айттым. Сол сәттегі өзімнің қаншалықты жеңілдегенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ал арада апта өтпей жатып, келесі жұмада қызметте көтерілу, жалақымның жоғарылауы және отбасымда жағымды жаңалықтар болды. Иә, кешірімді болғанның жолы болады екен», – дейді ол.

Бұл жағдайдың бәрі өмірде болған. Кейде адамдық қасиеттен алыстап, кешірімге, сауапқа мән бере бермейміз. Жоғарыда жазылған мысалдар бәлкім, сізге пайдасын тигізіп қалар. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абайдың жүрегіне бүкіл әлем сыйып еді, ал бүгінде Абай бүкіл әлемнің жүрегінде. Адам баласының жүрегі бір өлшемде еді ғой…

Аян СПАНДИЯР.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!