2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқа иегерлеріне жәрдемақы тағайындау пилоттық режимде іске асырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Вице-министр 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау кезінде бұл тәсілді пилоттық режимде қолдану жоспарланғанын айтты. 

«Жалпы, келесі жылы автоматты тағайындау форматын 4 қызмет бойынша қолдану жоспарлануда. Біз екінші деңгейдегі банктермен жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға банктік қосымшалар арқылы 6 қызмет қолжетімді және 11 айда оларды 280 мыңнан астам адам алды. Бұдан басқа 17 қызмет экстерриториалды түрде көрсетіле бастады, яғни оларды Қазақстанның кез келген жерінде, тіркелген жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей-ақ ала алады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Сондай-ақ, брифинг барысында төлемдерді орталықтандыру жұмыстары жайлы айтылды. 

“Атаулы әлеуметтік көмекті және жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша тағайындалатын әлеуметтік көмектің 11 түрін төлеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Осы механизммен тек қана төртінші кварталда 736 мың азаматқа төлем төледік. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар төлемдерді бөлуді жүзеге асырған”, – деді Ербол Оспанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!