Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қай сала қызметкерлерінің жалақысы өсетінін мәлімдеді.

Халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған жаңа бағдарлама әзірленіп, іске қосылды. Бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсуге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке баулитын жанама шаралардан құралған, – деді ол.

Тоғжанов бағдарлама шеңберінде қандай тетіктер қабылданатынына тоқтаоды.

1,1 млн-нан аса қызметкердің еңбекақысын арттыру көзделіп отыр. Оның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлығы ұлғайтылады. Мысалы, дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі, – деп айтты Ералы Тоғжанов Сенатта.

Сонымен қатар педагогтердің де жалақысы көбейеді.

Биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5%-дан 48%-ға дейін көтерілді. Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілді. Атап айтқанда, «Қазпошта» жүйесіндегі жүргізушілердің жалақысы 144 мыңнан 237 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Осылайша қазірдің өзінде азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр, – деп толықтырды Үкімет мүшесі.

Айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персоналдың жалақысы 5%-дан 18%-ға дейін өседі.