Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мәселесіне тоқталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің сөзінше, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. 

«Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады», – дейді президент.

Тоқаев сонымен қоса көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқанына назар аударған.

«Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді», – дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейту қажет екенін атап өткен.

«Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет», – деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!