2022 жылдың қаңтар–қазан айларында зергерлік және соған ұқсас бұйымдар өндірісі 1,15 млрд теңгені құрады, өткен жылы осы кезеңде 1,1 млрд теңге болған еді (плюс 4,1%). Бұл ретте нақты мәнде сектордағы өнім 3,2%-ке қысқарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бір жыл бұрын сектордағы өндіріс бірден 73,1%-ға (нақты мәнде 65,4%) өскен еді.

Осы жылы зергерлік бұйымдардың бағасы айтарлықтай өсті. 2022 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша алтын неке сақиналары 2021 жылдың қарашасымен салыстырғанда бірден 37,6%-ға қымбаттады. Бір жыл бұрын сектордағы бағаның өсуі 5% болған еді.

Ең жоғары баға Солтүстік Қазақстан облысында байқалды: мұнда алтын сақиналар бір жылда бірден 71,6%-ға қымбаттады. Одан кейін Жетісу және Алматы облыстары – тиісінше 68,3% және 66,6%.

Сондай-ақ, Астанада (51,5%-ға), Шығыс Қазақстан облысында (49,9%-ға), Алматыда (48,5%-ға) және Ақмола облысында (44,9%-ға) айтарлықтай қымбаттаған.Баға Атырау (жылына 3,7%-ға), Батыс Қазақстан (10,7%-ға) және Қызылорда (11%-ға) облыстарында аса өспеген.

Жыл басынан бері алтын неке сақиналары 37,2%-ға қымбаттады (бір жыл бұрынғы осы кезеңде 4,5%).2022 жылғы қаңтар–қыркүйекте ҚР-да 98,3 мың неке тіркелгені атап өтілді, бұл 2020 жылғы «корона дағдарысын» есепке алмағанда соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш.

2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қазақстандықтар 6,7%-ға аз неке қиған, бұл ретте қалалық жерлерде неке саны 10,7%-ға, 66,4 мыңға дейін қысқарған, ал ауылдық жерлерде, керісінше, 2,9%-ға, 31,8 мыңға дейін өсті.

Алтын бұйымының күрт қымбаттағаны неке қию шешіміне ықпал ете қоймас, дегенмен қыз бен жігіт болып кездесу кезеңі де айтарлықтай шығынды қажет етеді. Осы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша, мысалы, раушан гүлі (70 см) бір жылда 18%-ға, мейрамханада тамақтану – 19%-ға, шарап — 15,3%-ға, шоколад  23,4%-ға қымбаттаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!