Жақында Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Заң жобасында мынадай ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады: жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары. Сондай-ақ құжат аясында «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға әсер береді. Екіншіден, жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге бағытталған түзетулер көзделген. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізілмек.
Бұл орайда «Жастарымыздың білім алуы, жұмысқа орналасуы, денсаулығы, өзін-өзі дамытуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне толыққанды қатысуы үшін тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе екені белгілі. Заң жобасы сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан талқыланды. Аталған заң жобасын қабылдау жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз» дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Бұған қоса келер жылы дін, жастар саясаты мен азаматтық қоғам саласына 1,2 млрд теңге бөлінетіні хабарлан­ды. Осы аптада Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің азаматтық қоғам істері коми­тетінің төрағасы Мадияр Қожахмет саланы гранттық қар­жылан­дырудың жаңа тетіктерін атады.
«2023 жылы министрлік азаматтық қоғамды, дін саласын, сондай-ақ жастар саясатын дамыту бағыттары бойынша жаңа тәсілдер аясында гранттық жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, министрліктің тапсырысымен 2021 жылдан бастап 10 ұзақ мерзімді грант іске асып жатыр. Ол 2023 жылы да өз жалғасын табады», – деді комитет басшысы.
Айтуынша, бұл салада гранттардың сараланған жүйесі енгізілген. Грант түріне байланысты қаржылан­дыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, конкурсқа қатысу шарттарына, есептілікке әр түрлі талаптар айқындалды. Үшіншіден, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға да оператор арқылы грант үлестіру құзыреті берілді. Төртіншіден, азаматтық қоғам өкілдерінің қаты­суымен грант­тардың тиімділігін бағалау тетігі енгізілді, ол жобалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және кейіннен грант­тарды қалып­тастыру үшін негіз болады. Бүгінгі таңда грант берудің өтінім қабылдау және өңдеу процесін автомат­тандыру шеңберінде грант пен сыйақыны басқару сервистерін құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!