Фото: Midjourney

KAZINFORM – Zaimer.kz микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралуына талдау жасалды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі. 

«5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ (МТҚ) zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн.-нан астам жеке деректерінің таралуын анықтады.

МТҚ Қазақстан азаматтарының арасынан «МФО Robokesh.kz» ЖШС клиенттерін анықтай отырып, таралған деректерге талдау жүргізді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Egov Mobile мобильді қосымшасы арқылы азаматтарға, сондай-ақ Egov порталының жеке кабинетіне қылмыскерлердің жеке деректеріне қол жеткізудің ықтимал теріс салдарын болдырмау үшін тиісті хабарламалар мен ұсыныстар жіберді» делінген хабарламада. 

Мәліметке сай, хабарландыру жүйесі пилоттық режимде іске қосылған. Өйткені азаматтарды дербес деректердің сыртқа шығуы туралы хабардар ету құзыреті 2023 жылғы 11 желтоқсанда белгіленген және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бүгінгі таңда аталған фактіге қатысты министрлікке азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен.

«Министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, «Robokesh.kz» «МҚҰ» ЖШС-не Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, «МҚҰ Robokash.kz» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000 АЕК мөлшерінде, жеңілдетілген тәртіпте айыппұл салынды, ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының төртінші бөлігіне сәйкес 500 АЕК (1 846 000 теңге) көлемінде айыппұл төленді.

Бұл ретте азаматтар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес дербес деректердің таралуынан келтірілген материалдық немесе моральдық зиянды өтеу туралы мәселені қарау үшін азаматтық сотқа жүгінуге құқылы» делінген министрлік хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!