IT саласындағы іргелі ізденістердің жемісі үлкенді-кішілі жаңалықтардан көрініс тауып жүр. Соның бірі де бірегейі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық ғылым жә­не технологиялар университеті бірлесіп, алдағы 7 жыл­да «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші уни­вер­ситет» жобасы аясында жасанды интеллект мекте­бін ашуды жоспарлауы. Аталған мек­теп 3 бағыт бойынша білім алушыларға оқу процесін жүр­гізеді.

«Корея мемлекетін­дегі сапар екі ел арасындағы байланысты нығайту және ондағы университет өкілдерімен бірлесіп, тың жобаларды іске асыруға бағытталды. Осы мақсатта университетімізде IT орталығын ашу туралы ұсыныс білдірдік. Бұл ұсынысымыз қолдау тауып, біздің оқу орнында жасанды интеллект мектебін ашуға келісім жүргіздік. Осы жоба негізінде алдағы 7 жылда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржылай қолдау көрсететін болады. Жыл сайын Сеул университетінен 2 профессор дәріс беру үшін және 2 студент бағдарламаларды қамтамасыз ету мақсатында оқуға жіберіледі. Аталған мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Корея Республикасында шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарлама­лармен қамтылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта университет базасында Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалын құру жоспарлануда. Бұл жұмыстар тікелей өңір басшысының қолдауымен жүргізіледі», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова.
Айта кету керек, Корея мемлекетінде IT бағыты қарқынды дамыған. Сондай-ақ озық технологияларды шығаруда әлемде алдыңғы қатарда тұр.
Сыр өңіріне серпін беретін тың жоба аясында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр. Бизнес-инкубатор орталығын іске қосуда жоспарлануда.
Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов: «Келесі кезекте облыстық даму бағдарламасының бюджетіне Сеултех-ке кампус және технопарк салу негізі жоспарланатын болады. Студенттерге грант бөлу мәселесі де тұр. Гранттың 50 пайызын жергілікті атқару билік мойнына алуды ойластырып отыр. 50 пайызын біздің жоғары білім және ғылым министрлігі жүзеге асырмақ. Алдын ала келісім бар», – деп атап өтті.
Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті информатика және инжиниринг кафедрасының профессоры, Seoul Tech жаһандық кванттық жасанды интеллект қауіпсіздік орталығының директоры Джесу Ким және жобалық орталық директорының орынбасары Сонгон Ким университетіміздің негізінде жасанды интеллект мектебінің бірінші кезеңін енгізуге іссапармен келді.
Seoul Tech өкілдері облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында болды. Кездесуде жасанды интеллект мектебінің уақытша орналасатын орны талқыланып, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетіні сөз етілді.
Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылар құрамы және Seoul Tech өкілдерімен онлайн форматында кездесу өткізіп, өз тарапынан жоспарланған барлық бастамаларға қолдау білдіретінін атап өтті. Баяндамасында Қазақстандағы жоғары оқу орындарында болып жатқан жаңа өзгерістер туралы мағлұмат берді.
Бір апта бойы Seoul Tech өкілдері іргелі оқу орнының мамандарымен бірге «Кибер қауіпсіздік», «Жасанды интеллект», «Компьютерлік ғылымдар» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын талқылап, жүзеге асыруды бастайды. Ал Қорқыт ата атындағы университет бітіруші түлектерді IT саласы бойынша озық технологияларды меңгерген «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйесі» мамандықтарының мемлекеттік грантын жеңіп алу арқылы жасанды интеллект мектебіне іріктеумен білім алуға шақырады. Нәтижесінде облыста ғана емес, елімізде жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша жаңа форматтағы мамандар даярланады. Жаңа бастаманың жазылар ірі жетістіктері, қоғамға пайдалы жаңалықтары алда деген сенімдеміз.

А. Мәделханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!