Қара жерге шөп шығар,

 Шөп дегенің көп шығар.

Газ көретін күніміз,

Енді бізге жоқ шығар.

Әкім кетті ауысып, Абыройды тауысып.

Ал біз жүрміз әлі де, Отын-сумен қауышып.

Бұл – бүгінгі ауыл тұрғындарының әні. 10 жыл күткен газдың жыры үлкен мәселеге айналды деген осы. Тіпті ауыл тұрғындары жиналып, республикалық телеарналарды шақыруға мәжбүр болды. Десе де мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Күні кеше Өңірлік коммуникациялар орталығы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарын шақырып, көгілдір отынмен қамтуға қатысты брифинг ұйымдастырды. Біз “абайлықтар қуанышты жаңалықты қашан естиді?” деген сауалды сала мамандарына жолдадық. Әдеттегідей брифинг барысында бұл сұраққа мүлдем жауап ала алмадық. Тікелей эфир арқылы өткізілген брифингте пікір арқылы жолданған сауал қойылмайтын көрінеді. Мақалаға қатысты сауалымыздың жауабын ала алмаған екінші жиын бұл. Содан кейін барып “жазбаша жауап береміз” деді.  Ақмарал Қыпшақбаева есімді әлеуметтік желі қолданушысынан: “”ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ ҚӨФ атынан жауап ретінде жолдап отырмын.

“ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Қызылорда өндірістік филиалының 2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасында Қосшыңырау ауылын газдандыруға қаржы қаралмаған. Осыған орай бұл елді мекенді газдандыру жергілікті атқарушы органдардың тарапынан шешілуге тиіс”, – деген жауап алдық. Сонда “абайлықтарға биыл да газ келмей ме?” деген сауал туады. Ауыл тұрғындары “газ келеді” деген сенімде жүр еді.

Әне-міне газ келеді деген сеніммен уақыт өтіп жатыр еді. Әр нәрсенің шегі бар демекші, тұрғындардың да шыдамы таусылды. Олар ендігі жерде ауылдың мәселесін өздері шешуге білек сыбана кірісті. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бұл мәселенің де шешімін бір жақты етпей, ауыл тұрғындарының көңілі көншімейтіні анық. “Бір қызығы, ауыл әкімдігі тарапынан газ орнатуға өтініш түспеген. Сонда ауыл әкімдігі ауылдың өзекті деген мәселесінен хабардар болмағаны ма? Әкімдер жыл сайын халық алдында есеп беретінін ескерсек, тұрғындардың “ауылға газ керек” деген өтініші назарға алынбаған ба?” – дейді ауыл тұрғындары.

Бағдат АРЫСТАНОВ,

ауыл тұрғыны:

– Жекеменшік мекемені шақырайық, соған жеке кіргізсеңізші деген сөзді де естідік. Үкімет кіргізуге міндетті газды біз не себепті кіргізуіміз керек. Бұған ауыл тұрғынының бірінің жағдайы келсе, енді бірінің жағдайы келмейді. Ауылда 3000-ға жуық адам тұратынын ескерсек, оның жартысынан көбінің несие алып, газ кіргізуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бізде газ мәселесі қиындық тудырып отыр.

“Әне келеді, міне келеді” деп күтуден де шаршадық. Ауыл әкімі ауысты. Күні кеше сайланған әкімнің ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуына да біршама уақыт керек. Ең бірінші мәселе, көгілдір отынды шешіп береді деп сенеміз”.

“Қала әкімі жақын арада ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Сол кезде бұл сұрақты ауыл ақсақалдары қойды. Газдың үлкен мәселе болғанын жасыра алмаймын. Газға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр”, – деді ауыл әкімі Сейдуали Әбдіқадыров.

“Осы ауылдың тұрғыны ретінде газ жүргізілгенін қалаймын. Он жылдан бері көгілдір отынның игілігін көрген емеспін. Жақын арада газ келеді деген үмітім де үзіліп барады. Биыл да отын, көмірімізді дайындап, пеш жағу жұмыстарын жүргізе беретін сыңайлымыз”, – дейді ауыл тұрғыны Қайрат.

Шаһар басшысы: «Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде», – деді ауыл тұрғындарымен кездесуінде. Демек нәтиже болады деген үміттеміз.  Сейдуали Алайдарұлы жауапкершілігі жоғары, іскер азамат ретінде тұрғындардың тілегін назарға алып, ауылды гүлдендіру мақсатында жұмыс жүргізеді деген ойымыз бар.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!