KAZINFORM –Кейінгі жылдары Орталық Азия елдері Арал теңізінің экологиялық зардабын азайтуға күш салып келеді. Бұған Солтүстік Аралды қалпына келтіру бастамасы, ауқымды экологиялық жобалар, су үнемдеу технологиялары дәлел. Там-тұмдап жасалған қадам теңізді қайта толтырмаса да, қалған бөлігін сақтап қалуға үлес қосуда. Алдағы міндет қандай, келісімдер нәтиже бере ме? Тақырыпты «Kazinform» агенттігінің Бішкектегі тілшісі талдады.
Ортақ мүдде
Кезінде әлемдегі ірі ішкі су айдыны болған Арал теңізі бүгінде ауқымды экологиялық дағдарыстың символына айналып үлгерген. Себебі XX ғасырдың екінші жартысында Әмудария мен Сырдарияның суын жаппай егістікке бұру науқаны басталған болатын. Кейін мұндай қадам экожүйені күйретті: ізінше шөлейттену ұлғайды, тұз-шаңды борандар көбейді, миллиондаған адам әлеуметтік-экологиялық тығырыққа тірелді.
Мәселені жеке-дара шешу мүмкін еместігін түсінген Орталық Азия мемлекеттері 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорын (ХАҚҚ) құрған-ды. Оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кірді. Бүгінге дейін қор бірлескен экологиялық бағдарламаларды үйлестіріп келеді.
Мәселен, аймақтық ынтымақтастықтың кезекті кезеңі биыл сәуірде жалғасты. Астанада ХАҚҚ құрылтайшы мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысында Астана мәлімдемесінің қабылданғанына куә болдық. Келешекте су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту, суды есепке алудың цифрлық тетігі жанданбақ. Бұған қоса, сол жиында 26 наурыз Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария күні деп белгіленді.
Қазақстан: Солтүстік Аралды қалпына келтіру
Арал теңізін сақтау бағытындағы ең елеулі нәтиже, сөзсіз, Қазақстанның еншісінде. 2005 жылы Үкімет Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасы аясында Көкарал бөгетін салды. Осының арқасында Солтүстік Аралдағы су деңгейі көтеріліп, судың тұздылығы төмендеді әрі балық шаруашылығы қайта жандана бастады. Су айдыны 18,9 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайып, экологиялық ахуалдың жақсаруы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенін айта кету керек.
Қазіргі уақытта Қазақстан жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға ниетті. Жоба Көкарал бөгетін қайта жаңғырту арқылы су деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған. Болашақта Солтүстік Аралдың ауқымы 34 текше шақырымға дейін жетуі мүмкін.

Бүгінде Кіші Арал посткеңестік кеңістікте экожүйені қалпына келтірудің ең озық үлгісінің бірі ретінде бағаланады. Сонымен қатар Астана су ресурсын басқаруды жетілдіру бойынша аймақ көшбасшысына айналып үлгерді. Орталық Азия елдері үшін суды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін құру және экологиялық жобаларға халықаралық қаржыландыру көзін табуда белсенді.
Өзбекстан: Аралқұмды көгалдандыру
Өзбекстан мәселенің салдарымен күресіп келеді. Өйткені бұрынғы Арал теңізінің табанында Аралқұм шөлі жатыр.
Мемлекет шөлді көгалдандыруды негізгі бағдарға айналдыруда. Соңғы жылдары мұнда 2 миллион гектардан астам аумаққа ағаш отырғызылды. Бәрі дерлік сексеуіл секілді құрғаққа төзімді өсімдіктер. Олар топырақты бекітіп, тұзды шаңның таралуын азайтуға септеседі деген дерек бар. Сондай-ақ Өзбекстанда су ресурсын басқарудың заманауи жүйесі енгізіліп, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясының үлесі артты.
Ташкенттің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялаған болатын. Бұған қоса Арал өңірінде БҰҰ-ның Адам қауіпсіздігі жөніндегі көпсеріктестік траст қоры жұмыс істейді. Медициналық, әлеуметтік және экологиялық жобалардың кейбірі қор есебінен қаржыландырылып отыр.
Қырғызстан мен Тәжікстан: су және энергетика
Қырғызстан мен Тәжікстан аймақтағы ең ірі өзендердің бастауына, Орталық Азияның су теңгерімін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Атап айтар болсақ, Қырғызстан үшін Тянь-Шань мұздықтарын сақтау өзекті. Өйткені өңір үшін маңызды өзен — Сырдария Тянь-Шань тау сілемдерінен бастау алады. Ал Сырдария тартылса, аймақта жүзеге асып жатқан экологиялық жобалардың нәтиже беруі қиын. Сол себепті Бішкек мұздықтарға мониторинг жасау бағытындағы бағдарламаға қатысып, гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысына кіріскен.
Ескеретін жайт, Қырғызстан 2016 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорынан шықты, әйткенмен су және энергетика мәселелері бойынша өңірлік диалогқа қатысуын жалғастырып келеді.
Ал Тәжікстан аумағында Әмудария өзенінің жылдық ағынының шамамен 60 пайызы қалыптасады. Ел Памир мұздықтарын қорғауға ерекше назар аудармақ. Душанбе бастамасымен БҰҰ 2025 жылды Мұздықтарды сақтау жөніндегі халықаралық жыл деп жариялап, 21 наурызды Дүниежүзілік мұздықтар күні ретінде бекітті.
Екі ел де өзеннің төменгі ағысындағы мемлекеттер ауыл шаруашылығымен қатар, гидроэнергетика мүддесін ескеруі қажет деп санайды.
Түрікменстан: су үнемдеудегі серпін
Түрікменстан суды тиімді пайдалануды көздеп отыр. Әмудария алабына түсетін экологиялық салмақты азайтуға да мүдделі. Қазір Түрікменстанда кәріздік-дренаждық суды жинау және қайта пайдалану жобалары жүзеге асырылуда. Билік тамшылатып суару технологияларын ұлғайтуға ынталы. Сонымен қатар шөлейт аймақтарды көгалдандыру белсенді жүргізіліп жатыр.

Ашхабад Халықаралық Аралды құтқару қорына 2017–2019 жылдары төрағалық етті. Сол кездеңде Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі Төртінші іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді үйлестіргенін білеміз. Сарапшылар бұл құжат өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағытын айқындады деп бағалаған еді.
Халықаралық қауымдастықтың қолдауы
Арал теңізі мәселесі әлдеқашан өңірлік күн тәртібінің шеңберінен шығып, жаһандық деңгейдегі өзекті экологиялық мәселенің біріне айналғаны жасырын емес. Бүгінде Арал өңірін қалпына келтіру жобаларына БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Еуропалық одақ, Азия даму банкі, БҰҰ Даму бағдарламасы, JICA, GIZ және басқа да халықаралық ұйымдар қатысып келеді.
Ұйымдар атсалысқан бағдарламалар гидротехникалық инфрақұрылымды жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, экологиялық мониторинг жүргізу, ғылыми зерттеулерді дамыту және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған.
Халықаралық қолдаудың арқасында Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылғанын тағы айта кетуіміз қажеті. Себебі жоба арқылы өңір тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсарып, әлемдік қауымдастықтың назары Арал маңының экологиялық мәселесіне ауды.
Экономикалық мүдде экологиялық шешімге қолбайлау болып отыр ма?
Қол жеткізген нәтижеге қарамастан, Арал теңізінің мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Негізгі сын-қатердің қатарында су тапшылығы, ауыл шаруашылығындағы су тұтыну көлемінің артуы, климат өзгерісі мен мұздықтардың еруі бар.
Көп елене бермейтін тағы бір олқылық — аймақ елдерінде суды пайдалану тәсілі әрқилы.
Экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыров «Kazinform» агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында Арал мәселесі экологиялық сипатпен шектелмейді деген болатын.
— Бүгінде Арал теңізіндегі ахуал — бүкіл Орталық Азияның тұрақты даму мәселесі. Ол экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына және аймақтық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді, — деп топшылады сарапшы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары аймақ мемлекеттері су дипломатиясын айтарлықтай жандандырды. Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істеп тұр, БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық серіктестердің қолдауымен бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Дегенмен, дағдарысты толық еңсердік деп айтуға әлі ерте.
— Әр елдің өз экономикалық мүддесі бар. Қырғызстан мен Тәжікстан су ресурстарын, ең алдымен, гидроэнергетиканың негізі ретінде қарастырса, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан көбіне суға егін мен ауыл шаруашылығы үшін тәуелді. Сондықтан энергетикалық және аграрлық мүдделер арасындағы теңгерімді табу аймақтық ынтымақтастықтың басты міндеттерінің бірі болып қала береді, — деп атап өтті Толонбек Абдыров.
Болашаққа бағдар
Сарапшылар Арал теңізін одан ары қалпына келтіру аймақтық ынтымақтастықты тереңдетпейінше мүмкін емес деген пікірде. Әсіресе климат өзгерісін бірлесе зерттеу маңызды.
Гидролог Гүлбара Оморованың болжамынша, Арал бассейнінің болашағы Тянь-Шань мен Памир мұздықтарының жай-күйіне тікелей байланысты.
— Мұздықтардың жедел еруі келешек Әмудария мен Сырдария өзендерінің ағынын өзгертуі мүмкін. Бұл аймақ елдерін сумен қамтамасыз етуге міндетті түрде әсер етеді, — деді маман.

Оның айтуынша, бірлескен ғылыми зерттеу жүргізу, мәлімет алмасудың мәні тереңде. Оған қоса мұздықтар, климат және су ресурсына қатысты терең талдау жасауды ұмытпаған жөн.
Соңғы отыз жыл ішінде Орталық Азия елдері су ресурстары үшін бәсекеден алшақтап, ортақ шешім іздеуге бет бұрды. Солтүстік Аралды қалпына келтіру, ауқымды көгалдандыру бағдарламалары және өңірлік диалогтың дамуы ынтымақтастықтың нақты нәтиже беретінін көрсетті.
Дегенмен, қауіп жоқ емес. Аймақта халық саны артып келеді және су тұтыну көлемі көбейді. Демек Арал мәселесі тек экологиялық емес, бүкіл стратегиялық сын-қатер деуге негіз мол. Ендігі нәтиже Орталық Азия мемлекеттерінің бірлесіп қаншалықты тиімді әрекет ете алатынына байланысты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
