«Қыс қатты болса, қамба толады» дейтін бе еді? Қар қалың түссе, көктемде жердің тоңы жібіп, өзен-көл арнасына толып, малдың аузы көкке, адамның жүзі тоққа жететін. Бүгін ше?
Бүгін жаз ерте келеді, себебі көктем асығыс. Ал қыс қысқарды. Қаңтар мен ақпанның өзінде қардың жаууы неғайбіл. Кейде мамырда үсік ұрып, егінге қауіп төнеді. Бір өңір аптаптан күйсе, екінші өңірді тасқын су әкетеді. Табиғаттың бұрынғы «мінезі» өзгергендей.
Иә, біз мұны әлі күнге дейін ауа райының тосын құбылысы деп қабылдаймыз. Алайда мәселе бір күнгі ыстықта немесе бір маусымдағы қуаңшылықта емес. Әңгіме – климаттың өзгеруінде.
ТАРИХТА БОЛМАҒАН ЫСТЫҚ
БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен халықаралық климаттық мониторинг орталықтарының дерегі кейінгі онжылдықты адамзат тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі ретінде бағалап отыр. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы да осыны айтады. Ал Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,5 °C градусқа көтерілген. Қарапайым адамға бұл мардымсыз көрсеткіш шығар, бірақ бұл – үлкен өзгеріс.
Қазақстан да бұл үдерістен сырт қалған жоқ. Керісінше, мамандар Орталық Азияны климаттық өзгерістерге ең осал өңірлердің қатарына жатқызады. Мысалы кейінгі 75 жылдың ішінде елдегі орташа температура шамамен 2 °C-қа көтерілген.
Былтырдың өзінде елдің басым бөлігінде рекордтық жылылық тіркелді. Өңірлер бойынша температура аномалиясы +1,10 °С пен +2,64 °С аралығында болды. Сондай-ақ 176 метеостанция экстремалды жоғары температураны көрсетті. Оның 138-інде 1941 жылдан бергі ең жылы жыл ретінде тіркелген көрсеткіштер байқалды. Яғни осы дерекке қарап-ақ біршама өзгеріс бар екенін аңғарамыз. Бұған не себеп?
Сауалға жауап іздеу үшін «Jasyl El» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы басшысының орынбасары, «Болашаққа қозғалыс» жеке қорының директоры Диас Бекмұратпен байланысқа шықтық. Қолда бар дерекпен бөліскенде сарапшы-маман бірден «IPCC»-дің 2023 жылғы есебіне тоқталды.
− Иә, Орталық Азия климаттық өзгерістерге ең осал аймақтардың бірі саналады. «IPCC»-дің 2023 жылғы есебінде: «Орталық Азиядағы жылыну әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ жүріп жатыр және Қазақстан климат өзгерісіне осал мемлекеттердің қатарында» деп нақты көрсетілген.
Ал «осы жыл тарихтағы ең ыстық кезеңдердің бірі болуы мүмкін» деген пікір жай болжам емес, нақты ғылыми дерекке сүйенген тұжырым деп айтар едім. Енді «мұндай өзгеріске не себеп?» деген сұраққа келсек, мұнда бірнеше фактор бар. Біріншіден, климаттың өзгеруінің негізгі себебі – атмосферада парниктік газдардың жиналуы. Ең алдымен көмірқышқыл газы, метан және азот тотығы. Бұл газдар атмосферада жылуды ұстап қалып, «жылу қақпағы» секілді әсер етеді. Соның салдарынан Жер бетінің температурасы көтеріледі. Бүгінде атмосферадағы көмірқышқыл газының көлемі тарихи максимумға жетті.
Екіншіден, ішкі факторлар да әсер етеді. Елімізде электр энергиясының 70%-дан астамы көмір арқылы өндіріледі. Бұл атмосфераға шығатын көмірқышқыл газының көлемін арттырады. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдаланбау, ирригациялық жүйелердің әлсіздігі, жердің тозуы, урбанизация, көлік санының көбеюі және кей өңірлердегі экожүйенің әлсіреуі де климаттық қысымды күшейтіп отыр, − дейді сарапшы.
Мұның салдары да қазірдің өзінде байқалуда. Диас Бекмұраттың айтуынша, Іле Алатауы мен оңтүстік-шығыс аймақтағы мұздықтардың көлемі азайып келеді. Бұл Алматы мен оңтүстік өңірлердің су қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Екіншіден, өзендердегі су көлемінің төмендеуі байқалады. Іле, Ертіс және Сырдария өзендерінің су балансы өзгеріп жатыр. Бұл ауыл шаруашылығына қауіп төндіреді. Яғни аптап ыстықтың жиілігі мен қарқындылығы төмендемесе, алдағы 20-30 жылда Қазақстан үшін климат мәселесі тек экологиялық проблема емес, ұлттық қауіпсіздік, экономика, ауыл шаруашылығы, халық денсаулығы және көші-қон процестеріне әсер ететін стратегиялық факторға айналуы мүмкін.
Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы қазіргі деңгейден бірнеше есе күшеюі мүмкін. Агроөнеркәсібіне де ықпал етіп, жайылымдардың өнімділігі төмендеп, жем-шөп тапшылығы артуы мүмкін. Ал еңбек өнімділігі де айтарлықтай азаяды. Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) Working on a Warmer Planet атты зерттеуінде жоғары температура салдарынан 2030 жылға қарай әлемде жалпы жұмыс уақытының шамамен 2,2%-ы жоғалуы мүмкін, бұл 80 миллион толық жұмыс орнына тең экономикалық әсер береді деп көрсетілген. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызмет және өндіріс салалары тәуекел аймағында. Өйткені +40°C-тан жоғары температурада адамның физикалық еңбекке төзімділігі төмендейді. Кей халықаралық зерттеулерге сәйкес, жоғары температура еңбек өнімділігін 10-20%-ға дейін төмендетуі мүмкін.
− Дегенмен, бұл болжам. Мұнда ең маңыздысы – бейімделу саясаты. Егер бүгіннен бастап су үнемдеу технологиялары енгізіліп, ауыл шаруашылығы климатқа бейімделсе, жасыл энергетика дамып, ғылыми мониторинг пен экологиялық саясат күшейсе, тәуекелдерді едәуір азайтуға болады. Меніңше, климаттың өзгеруін болашақтағы қауіп ретінде емес, бүгін басталған ұзақмерзімді сын-қатер ретінде қабылдауымыз қажет, − дейді Диас Бекмұрат.
ҚҰЙЫП ЖАУАТЫН ҚАР ҚАЙДА?
«Бұрын қар деген тізеден асатын еді…» дегенді сіз де жиі еститін шығарсыз. Міне, сол қар қазір қайда?
− Мәселен, қазір Астана қаласында тұрамын. Есімде, 2021 жылы қыс қатты болып, сәуірдің соңына дейін далада қар жатты. Әрине, бір жылдың ауа райына қарап нақты қорытынды жасау дұрыс емес, өйткені климат – ондаған жылдық үрдіс. Бірақ ғылыми тұрғыдан қарасақ, мұнда нақты тенденциялар байқалады. Қазақстанда кейінгі 70-75 жыл ішінде орташа температура шамамен +2°C-қа көтерілген. Ал температураның аз ғана өзгеруі жауын-шашынның түріне, қардың түсуіне, еру жылдамдығына және топырақтағы ылғал балансына тікелей әсер етеді,− дейді сарапшы.
Қар демекші, әлгінде жаңбыр мен су тапшылығын тілге тиек еттік. Кейінгі жылдары жауын-шашын тапшылығы мәселесіне байланысты жасанды жаңбыр технологиялары жиі талқылана бастады. Мысалы бұған дейін Алтай Айнабек жауын мөлшерін арттыру бастамасын көтерсе, жақында Түркістан облысында жасанды жолмен жаңбыр шақыру жобасы іске қосылды. Жалпы, мұндай технологиялардың тиімділігі қандай? Бұл климаттық мәселелерді шешудің нақты жолы ма, әлде уақытша тәсіл ғана ма?
− Мұндай технологияларға біржақты қарауға болмайды. Оның әлеуеті де, шектеуі де бар. Ең алдымен, жасанды жаңбырдың не екенін түсіну маңызды. Ғылыми тілде бұл cloud seeding, яғни бұлттарды модификациялау технологиясы деп аталады. Оның мәні − атмосферадағы жауын-шашын беруге дайын бұлттардың ішкі құрылымына әсер ету арқылы жаңбыр немесе қардың түсу ықтималдығын арттыру. Әдетте бұл үшін күміс йодиді, құрғақ мұз немесе тұз бөлшектері қолданылады. Арнайы ұшақтар, дрондар немесе жерүсті қондырғылары арқылы бұлттарға белгілі реагенттер шашылады.
Бірақ жасанды жаңбыр жоқ жерден бұлт жасап, аспаннан су «түсіру» емес екенін түсіну керек. Бұл – тек бар табиғи процесті күшейту механизмі. Яғни атмосферада ылғал мен бұлт жеткілікті болуы керек. Егер аспан ашық, ауа құрғақ болса, технология нәтиже бермеуі мүмкін.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Қытай бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығын қолдау және құрғақшылықтың алдын алу үшін бұлттарды модификациялау технологиясын кең көлемде қолданады. БАӘ секілді шөлейт аймақтарда дрондар арқылы бұлттарға әсер ету тәжірибесі бар. Кей сараптамаларда қолайлы жағдайда жауын-шашын мөлшерін 10-20%, кей жағдайларда 30%-ға дейін арттыру мүмкіндігі айтылған. Бірақ бұл көрсеткіш өңірдің климатына, атмосфералық жағдайға және технология сапасына байланысты қатты өзгереді.
Қазақстан жағдайына келсек, меніңше, бұл технологияны толық шешім емес, қосымша құрал ретінде қарастырған дұрыс. Себебі біздің негізгі мәселеміз тек жауынның азаюында емес, су ресурстарын басқару жүйесінде жатыр. Кейде көктемде мол су келіп, тасқын болады, бірақ жазда су жетіспейді. Демек, мәселе тек жаңбыр шақыруда емес, сол түскен суды сақтау мен тиімді басқаруда, − деп түсіндірді Диас Бекмұрат.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САНА – ТЕК СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСУ ЕМЕС
Климат өзгеріп жатыр, оның салдары да айтарлықтай ауқымды. Бірақ бұл өзгеріске табиғат қана емес, адамның өзі де себепкер. Міне осы тұста эко сана мен экологиялық мәдениет жайында сөз қозғау қажет. Себебі климаттың өзгеруі туралы көп айтылғанымен, қоғам бұл мәселені әлі де жеткілікті деңгейде маңызды қабылдамайтындай көрінеді.
Жақында жүргізілген зерттеуге көз шалдық, ондағы нәтижеге сүйенсек, Қазақстанның 10 қаласында 30 мың адамнан сауалнама алынған. Ал респонденттердің 99%-ы еліміздегі қайта өңдеу зауыттарын білмейтінін айтқан.
− Қазақ қоғамындағы экологиялық мәдениетті бағалағанда, асығыс пессимизм де, артық оптимизм де орынсыз. Табиғатқа құрмет тамырымызда бар, бірақ ол толыққанды күнделікті өмір мәдениетіне айналды деу қиын.
Экологиялық сана тек қоқыс тастамау немесе сенбілікпен өлшенбейді. Ол – суды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану, табиғатқа зиян келтірмеу, қоғамдық көлікті таңдау, ағаш отырғызу сияқты жауапкершілік мәдениеті. Мұндай көзқарас отбасында, мектепте және қоғамдық ортада қатар қалыптасқанда ғана өмірлік дағдыға айналады. Сондықтан экобілімді күшейту, түсіндіру жұмыстарын арттыру және жастарды экологиялық бастамаларға тарту – шешуші бағыттардың бірі.
«Jasyl El» жастар еңбек жасағы тек маусымдық жұмыс емес, жастардың экологиялық санасын, еңбекке көзқарасын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыратын қоғамдық мектепке айналды. Мысалы кейінгі екі жылда жоба аясында 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өтіп, 2 миллион тоннаға жуық қалдық жиналды, 5,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ал 2021-2025 жылдары республика бойынша 1 миллион гектардан астам аумаққа 1,6 миллиардқа жуық көшет егілді, елді мекендерде кейінгі бес жылда 18,4 миллион ағаш отырғызылды. Әрине, мәселе тек сандық көрсеткіште емес. Ең бастысы – осы жұмыстардың тұрақты экологиялық мәдениетке айналуы, − деді ол.
Сонымен қатар Астана мен Алматыда ашылған эко-хабтардың да форматы ерекше. Мұнда тұрғындар пластик, қағаз, әйнек, алюминийді тапсырып қана қоймай, балалар мен жастарға арналған экобілім беру сабақтарына, шеберлік сағаттарына қатысады. Кей орталықтарда арнайы велошредер арқылы пластик қақпақтарды ұсақтап, брелок, телефонға арналған тіреуіштер, ойын элементтері немесе тұрмыстық бұйымдар жасауға болады. Ал қайта өңделген пластиктен шахмат тақталары, балалар ойын алаңдары, қоғамдық орындарға арналған элементтер жасалады. Мысалы белгілі бір түстегі пластик қақпақтарды бөлек жинау арқылы эстетикалық әрі сапалы жабындар дайындалады. Сонымен қатар қайта өңдеуге арналған автоматтар да бар. Пластик немесе алюминий ыдыстарын арнайы құрылғыларға өткізіп, шағын бонус немесе қайырымдылыққа бағытталатын қаражат жинай аласыз.
884 ЗАҢСЫЗ ПОЛИГОН АНЫҚТАЛДЫ
Иә, мұның барлығы дұрыс-ақ. Бірақ мына ақпаратқа зер салыңызшы, биыл елде 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Көш басында − Абай облысы. Мұнда 137 қоқыс полигоны анықталған. Қостанайда 113, ал Ұлытауда 100 полигон тіркелген. Десе де бұл сандар жылдан жылға азайып бара жатқанын да айтқан жөн. Мысалы Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықовтың айтуынша, 2020 жылы 8884 заңсыз қоқыс полигоны анықталып, 70 пайызға жуығы жойылған. Кейінгі жылдары 7328, 5683, 5533, 4886 полигон тіркелді. Ал былтыр 3828-ге дейін азайды, Тексеру жұмыстары 2018 жылы 16 елді мекенді қамтыса, бүгінде бақылау аймағы 46 елді мекенге дейін кеңейген.
Ал жауапкершіліктің жүгін түсінбегендер, қоқыс орындарын жою жұмыстарын жеткіліксіз орындағандар айыппұл арқалады.
− Осыған байланысты биыл жергілікті атқарушы органдардың 15 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы көлемі 3,7 миллион теңге айыппұл салынды, − деді Ерболат Қожықов.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАЛДЫҚҚА ТОЛҒАН АЛАҢ
Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеоны сіз де көрген шығарсыз. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылындағы қоқыс алаңынан шприц, биоматериалы бар сынауықтар мен медициналық қалдықтарға толы қаптар табылды. Тәркіленген медициналық қалдықтардың салмағы 144 келіден асады, ал су айдынынан небәрі 450 метр қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының шағымынан кейін, елді мекенге полиция қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиялогиялық департамент мамандары барып, аумақ қоршауға алынды. Облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева мәлімдеме жасап, топырақ сынамаларының санитарлық-химиялық, микробиологиялық көрсеткіштерге алынғанын айтты.
− Алдын ала нәтижелері 3-7 күн аралығында шығады. Сонымен қатар медициналық қалдықтардың жатқан жеріне хлор өнімі бар препараттармен залалсыздандыру жұмысы жүргізілді. Медициналық қалдықтарды құқық қорғау органдары мөрледі, − деді Гүлдана Кереева.
Қазақстанда медициналық қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау, залалсыздандыру және жоюдың нақты бекітілген тәртібі бар. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ–96/2020 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларда нақты көрсетілген.
Бұл жайында Диас Бекмұрат:
− Медициналық қалдықтар 5 класқа бөлінеді. А класына тұрмыстық қалдықтарға ұқсас қауіпсіз қалдықтар, Б класына эпидемиологиялық қауіпті, В санатына аса қауіпті эпидемиологиялық қалдықтар жатса, Г мен Д класына токсикологиялық қауіпті және радиоактивті қалдықтар кіреді.
Санитарлық талаптарға сәйкес, шприцтер мен биоматериалдар сары немесе қызыл түсті арнайы таңбаланған, тесілмейтін және герметикалық контейнерге жиналады. Олардың сыртында медициналық мекеменің атауы, бөлімшесі, жиналған күні және жауапты тұлғаның мәліметі көрсетілуі керек. Бұдан кейін олар лицензияланған ұйымдар арқылы арнайы тасымалданып, муфельді пештерде өртеу, инсинерация немесе басқа да залалсыздандыру әдістері арқылы жойылады. Яғни мұндай қалдықтарды қарапайым полигонға көмуге немесе тұрмыстық қоқыспен бірге тастауға заң жүзінде тыйым салынған.
Ал Батыс Қазақстан облысында табылған қаны бар пробиркалар мен пайдаланылған шприцтер, алдын ала бағалау бойынша, Б немесе В класындағы эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтарға жатады. Мұндай қалдықтар арнайы талаппен жойылуға тиіс, − деді ол.
Бүгінге жазарымыз осы, оқырман! Табиғаттың құбылғанын ұқтық па, әлде…
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
