Фото: Egemen.kz 

Сумен жабдықтау бөлімінің мамандары Ертіс өзені жылдан жылға тартылып, зиянды қалдықтар төгу жиілегенін айтып жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, жағалау бойындағы демалыс базалары бұған кері әсер етіп тұр. Туристер қаптағанда тазалыққа мән берілмей, нәжіс пен лас судың өзенге құйылуы жиілейтін көрінеді. Бұған демалыс үйлерінің қожайындары да кінәлі екені айтылды.

«Кейбір адамдар түрлі сұйықтықтарды су қоймасына төгіп, 10-15 күннен соң сол жерде қайта шомылатындықтарын ойламайтын сияқты. Қазірден бастап ластауды тоқтатпасақ, кейін су қоймасын тазартуға кететін шығынды өтеуге шашымыз шақ келмейді. Қазіргі уақытта Бұқтырма су қоймасының кей учаскесі балық өсіруге жарамсыз», – деді сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің жетекші инженері Шерхан Сержан.

Мамандар соңғы жылдары ауланып жатқан балық пен су құрамының айтарлықтай өзгергендігіне сенімді. 1993-ші жылдан бері көршілес елдермен түрлі келісімшарт ойластырылған. Бірақ сол күйі бекімеді. Қытай әрекет етуге әзір, Ресей қызықпай отырған сыңайлы. Бір жағынан, жер бетіндегі ең үлкен Васюган батпағы да сол жақта. Соның әсерінен тұщы су түзіліп, көршілер қамсыз жатыр.

«Өкініштісі сол, Ертістің жағдайын бақылап отыру үшін Қытайда 50 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Бізде біреуі де жоқ. Егер 30 жыл бұрынғы келісімшарт нақты бекісе, онда біз үшін біршама тиімді болады», – деді Шерхан Сержан.

Өңірдегі экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Дәулет Асанов су құрамынан бөлек, ел көлемінде ауа құрамының бұзылуы да өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, Өскеменнен бастап, басқа да қалаларда атмосфералық ауаның жиі зерттелуі елге пайда әкелмейді.

«Өкінішке қарай, мемлекет бір нәрсеге қаржы құймас бұрын қандай да бір ақша айналымына назар аударады. Ғылыми зерттеулерден адамдарға келіп-кетері жоқ. Ауа ластануының түбі кісі өліміне әкелетіндігіне көбі бас қатырмайды. Ол үшін міндетті түрде бір апат болуы керек. Мысалы, Риддер қаласы туралы ешкім жақ ашпайтын. Жылу электр орталығының жұмысы тоқтағанда бәрі білді. Екібастұз да сол сияқты. Тіпті біреу ауаның лас болуынан көз жұмса, ертең оны басқа жағдаймен байланыстырады», – деді эколог.

Жауапты тұлғалар мемлекет басшылығы қазірден табиғи апаттардың алдын алуда нақты қадамға бармаса, салдары өлім-жітіммен аяқталуы мүмкін деп дабыл қақты. Дәулет Асановтың сөзінше, Өскеменде зиянды қалдықтарды толық модернизациядан өтпеген кәсіпорындар көптеп шығарады. Қала жұрты газ бен таза отыннан әлі қол үзіп отырғандығын, күнделікті жұмыста көмірдің молынан қолданылуын жағдайды ушықтыра түсетінін баса айтты. Ал Бұқтырма су қоймасы соңғы жылдары айтарлықтай тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!