Биылғы жаздың ыстығы бұрынғыдан өзгерек. Тек Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін дабыл қақтырған шіліңгір шілденің «шуағы» көпті шошытты. Ауа температурасының жоғарылауына жаһандық жылынудың ықпалы бар ма? Тарих пен сала мамандарының зерттеулерін талқылап көрдік.

Маңдайын күн сүйген Қызылорда

«Отан оттан да ыстық, Қызылорда одан да ыстық», «Қызылорда Күнге ең жақын орналасқан қала»… Әзіл де болса, осы тіркес өткен аптаның негізгі фразасына айналды. Ауа температаурасының 45°C-тан жоғары көтерілуі аймақ тұрғындарын біраз әбіргерге салды. «Қазгидрометтің» мәліметінше, дәл мұндай жоғары температура Қызылорда облысында 2023 жылы тіркелген. Синоптиктердің сөзіне сүйенсек, аймақтағы аптапқа Өзбекстаннан келген құрғақ жылы ауа райының массасы әсер еткен. Осы орайда «ыстық кезеңнің алдағы уақытта қайталануы мүмкін бе?» деген сауалды «Қазгидромет» РМК Қызылорда облыстық филиалынан сұрап білдік.

– Облыс бойынша шілде айында байқалған өте қатты ыстық ауа райы бәрімізді алаңдатқаны анық. 7-19 шілде күндері қала бойынша күндізгі ауа температурасы +45 С°-қа дейін, облыс бойынша +47С° қатты ыстыққа көтерілді. Қалыпты деңгейден тыс мұндай температура 2025 жылы шілде айында да байқалған, бірақ ол уақытта 40 градустан жоғары болған күндер 3-4 күнді құраса, биыл 10-12 күнге созылды.

Шілде айының аяғы мен тамыз айының басында күндізгі ауа температурасы қайтадан 40-43С°-қа деп көтеріледі деп болжануда. Тамызда ауаның орташа айлық температурасы +25,5+28,1°С-ты көрсетуде, бұл облыс бойынша нормадан 1 С° жоғары болады деген сөз (қалыпты жағдайда: +24,7+27,1°С). Тамыз айында да қатты ыстық жиі қайталанып, үш онкүндікте де жоғары температура сақталуы мүмкін, – дейді филиалдың бөлім басшысы Әйгерім Жөкелова.

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

Биыл Еуропада да рекордтық ауа температурасы тіркелген. Ми қайнатар ыстықтан кәрі құрлықта жаз басталғалы 10 мыңнан астам адам көз жұмған. Маусым айының соңында өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Франция мен Бельгияда тіркелді. Германияда аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам қаза тапса, Англия мен Уэльсте мұндай ауа райы тағы 2 мың 700 адамның өмірін жалмаған.

Қазір «Нью-Йоркте аптап ыстықтан асфальт еріп кетті», «Португалияда қауіптің қызыл деңгейі жарияланды», «Швейцариядағы ыстықтан мұздықтар еруде» деген жаға ұстатар жаңалық жиі жариялануда. Жерге жұмыртқа қуырып алардай жағдайлардың қайталуына жаһандық жылынудың ықпалы жоғары деген болжам бар. Себебі аталған құбылыс ауа райына көптеген жолмен әсер етеді. Мәселен, орташа ауа температурасы өсіп, аптап ыстық жиілеп, ұзаққа созылады. Кейбір аймақта нөсер жаңбыр көбейсе, басқа жерлерде құрғақшылық күшейеді. Полярлық мұздар мен тау мұздықтары еріп, теңіз деңгейінің көтерілуіне де ықпал етеді.

Осы орайда «Болашаққа қозғалыс» жеке қорының директоры Диас Бекмұратұлынан әлемдегі ауа температурасының күрт көтерілуіне жаһандық жылынудың ықпалы жайлы сұраған едік.

– Жаһандық жылыну – аптап ыстыққа әсер етіп отырған негізгі фактордың бірі. Бұл ғылыми болжам емес, халықаралық ғылыми қауымдастық толық мойындаған, зерттеулермен дәлелденген факт. БҰҰ жанындағы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) алтыншы бағалау баяндамасы мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (WMO) соңғы есептері Жердің климаттық жүйесінің жылынуы сөзсіз жүріп жатқанын растайды. Жаһандық температураның өсуінің негізгі себебі – адамның шаруашылық қызметі. Атап айтқанда, көмір, мұнай және табиғи газ сияқты қазба отындарын қарқынды пайдалану, өнеркәсіптің дамуы, көлік шығарындылары, ауыл шаруашылығы және орман алқаптарының қысқаруы атмосферадағы көмірқышқыл газы (CO₂), метан (CH₄) және азот тотығы (N₂O) сияқты парниктік газдардың концентрациясын күрт арттырды. Нәтижесінде атмосфера Жерден таралатын жылуды көбірек ұстап қалып, табиғи жылу теңгерімі бұзылып, планетаның орташа температурасы тұрақты түрде жоғарылап келеді.

Парниктік газдардың атмосферадағы концентрациясы өнеркәсіптік революциядан бері бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл газдар Күннен келетін сәулені өткізіп, Жерден қайта таралатын жылуды атмосферада ұстап қалады. Ғылымда бұл құбылыс «парниктік әсер» деп аталады. Парниктік әсер – табиғи процесс, алайда адам әрекетінің нәтижесінде оның қарқындылығы бірнеше есе күшейіп, Жердің табиғи климаттық тепе-теңдігі бұзылды. Соның салдарынан планетаның орташа температурасы тұрақты түрде өсіп, климаттық жүйеде ауқымды өзгерістер орын алуда.

Ғалымдардың пікірінше, егер парниктік газ шығарындылары қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, XXI ғасырдың соңына қарай жаһандық температура тағы бірнеше градусқа көтерілуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мұздықтардың жаппай еруіне, теңіз деңгейінің көтерілуіне, құрғақшылықтың жиілеуіне, орман өрттерінің көбеюіне, ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуіне және су ресурстары тапшылығының күшеюіне алып келеді. Бүгінде климаттың өзгеруі экологиялық мәселе ғана емес, әлемдік экономикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне және халық денсаулығына тікелей әсер ететін жаһандық сын-қатерге айналды, ̶ дейді Д.Бекмұратұлы.

РЕКОРДТАР ТІРКЕЛГЕН ЖЫЛ

Сарапшы маманның сөзіне сүйенсек, жаһандық жылыну аптап ыстықтың негізгі себебі болғанымен, бұл құбылысқа әсер ететін өзге де табиғи және антропогендік факторлар бар.

Біріншіден, атмосфералық циркуляцияның өзгеруі маңызды рөл атқарады. Кейінгі жылдары әлемнің көптеген өңірінде жоғары қысым аймақтары немесе «жылу күмбезі» (heat dome) деп аталатын құбылыс жиі байқалуда. Бұл кезде жоғары қысым атмосфераның жоғарғы қабатында өзіндік «қақпақ» тәрізді қалыптасып, ыстық ауаны белгілі бір аумақта ұзақ уақыт ұстап қалады және салқын ауа массаларының келуіне мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан бұлттардың түзілуі мен жауын-шашын азайып, күн сәулесі жер бетін үздіксіз қыздырады. Топырақтағы ылғалдың азаюы да температураның одан әрі көтерілуіне ықпал етеді, өйткені күн энергиясының басым бөлігі булануға емес, жер мен ауаны қыздыруға жұмсалады. Нәтижесінде ауа температурасы бірнеше күн, кейде бірнеше апта бойы өте жоғары деңгейде сақталып, аптап ыстықтың қарқындылығы күшейеді. Құрғақшылық пен табиғи өрттің қаупі артады.

Екіншіден, табиғи климаттық құбылыстардың да ықпалы бар. Соның ең белгілі мысалдарының бірі – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі су беті температурасының мерзімді көтерілуімен сипатталатын Эль-Ниньо (El Niño) құбылысы. Ол атмосфералық циркуляцияны өзгертіп, әлемнің көптеген өңіріндегі ауа райына әсер етеді. Эль-Ниньо байқалған жылдары бірқатар елде аптап ыстықтың күшеюі, құрғақшылықтың артуы, жауын-шашын режимінің өзгеруі және температуралық рекордтардың жаңаруы жиі тіркеледі.

Үшіншіден, урбанизацияның әсері де өте жоғары. Ірі қалаларда асфальт, бетон, шатырлар мен тығыз орналасқан ғимараттар күн сәулесінің жылуын бойына сіңіріп, оны кешкі және түнгі уақытқа дейін ұзақ ұстайды. Топырақ пен өсімдік жамылғысының азаюы салқындату үдерісін әлсіретеді. Ал көлік қозғалысы, өндіріс орындары, жылу жүйелері мен кондиционерлер қоршаған ортаға қосымша жылу бөледі. Биік ғимараттар желдің еркін өтуін шектеп, қызған ауаның қала ішінде тұрып қалуына әсер етеді. Соның нәтижесінде қала орталығындағы ауа температурасы шет аймақтар мен ауылдық жерлерге қарағанда бірнеше градусқа жоғары болуы мүмкін, әсіресе бұл айырмашылық түнгі уақытта айқын байқалады. Ғылымда бұл құбылыс «қалалық жылу аралы» (Urban Heat Island) деп аталады. Ол аптап кезеңдерде адам денсаулығына түсетін салмақты күшейтіп, электр энергиясы мен суға сұранысты арттырады және қалалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсіреді.

Төртіншіден, жер жамылғысының өзгеруі де климатқа елеулі ықпал етеді. Орман алқаптарының қысқаруы, жердің шамадан тыс игерілуі, шөлейттену, жайылымдардың тозуы және табиғи экожүйелердің бұзылуы топырақтағы ылғал қорының азаюына әкеледі. Ылғал жеткіліксіз болған жағдайда жер беті булану арқылы табиғи түрде салқындай алмайды, сондықтан күннен түскен энергияның басым бөлігі топырақ пен ауаны қыздыруға жұмсалады. Соның салдарынан жер беті тезірек қызады, ауа температурасы жоғарылап, аптап ыстықтың қарқыны мен ұзақтығы күшейеді.

Қазақстандағы ұзақ мерзімді метеорологиялық бақылаулар да тұрақты жылыну үрдісін көрсетеді. Климаттық зерттеулерге сәйкес, 1976 жылдан бері еліміздің орташа жылдық ауа температурасы әр онжылдық сайын шамамен 0,4°C-қа жоғарылаған. Көктем мезгілінде кейбір өңірдегі жылыну қарқыны бұдан да жоғары болып, он жыл ішінде 0,7-0,9°C-қа дейін жетеді. Бір қарағанда бұл көрсеткіштер аса үлкен болып көрінбеуі мүмкін. Алайда климаттық жүйе үшін температураның бірнеше ондық градусқа тұрақты көтерілуінің өзі жауын-шашын режимін өзгертіп, топырақтағы ылғалдың азаюына, құрғақшылық пен өрт қаупінің артуына алып келеді.

Бұл үрдісті 2025 жылдың қорытындысынан анық көруге болады. «Қазгидромет» дерегі бойынша, былтыр Қазақстанда 1941 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең жылы жыл болды. Ел аумағы бойынша орташа жылдық температураның ауытқуы 1991-2020 жылдардағы климаттық нормамен салыстырғанда +2,11°C-қа жеткен. Бұған дейінгі рекорд 2023 жылы тіркеліп, температуралық ауытқу +1,73°C болған еді. Яғни небәрі екі жылдың ішінде жаңа температуралық рекордтың орнауы Қазақстандағы жылыну үрдісінің қаншалықты қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.

– Қазақстанның жағдайына келсек, еліміздің шұғыл континенттік климаты да температураның күрт көтерілуіне әсер ететін табиғи фактордың бірі. Еліміз мұхиттардан алыс орналасқан. Жаз мезгілінде Орта Азия мен Иран аймағынан келетін құрғақ әрі ыстық тропиктік ауа массалары еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне, кей жағдайда орталық және солтүстік өңірлеріне дейін еркін енеді. Мұндай синоптикалық жағдай жаһандық жылынудың әсерімен қатар келсе, ауа температурасы +40…+45°C, кейде одан да жоғары деңгейге дейін көтеріледі. Кейінгі жылдары Қазақстанда ыстық толқындарының жиілігі мен ұзақтығының артуы, құрғақшылықтың күшеюі және табиғи өрттердің көбеюі осы үрдістің байқалып отырғанын көрсетеді.

Халықаралық ғылыми қауымдастықтың ортақ қорытындысы бойынша, климаттық өзгерістердің негізгі қозғаушы күші – адам қызметі салдарынан атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі және соның нәтижесінде қалыптасқан жаһандық жылыну. Сондықтан мәселені шешу үшін тек аптап ыстықтың салдарымен күресу жеткіліксіз. Парниктік газдар шығарындыларын азайту, табиғи экожүйелерді сақтау және елді мекендерді климаттық өзгерістерге бейімдеу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет, ̶ дейді «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы басшысының орынбасары Д.Бекмұрат.

Аптап ыстықтың жылдан жылға жиі қайталануын бір ғана фактормен түсіндіру мүмкін емес. Бұл – жаһандық жылыну, атмосфералық циркуляцияның өзгеруі, табиғи климаттық циклдер, урбанизация, жер жамылғысының бұзылуы және өңірлік климат ерекшеліктері өзара ықпалдасатын күрделі үдеріс. Аталған факторлар бір мезгілде қатар келгенде аптап ыстықтың жиілігі артып қана қоймай, оның ұзақтығы мен қарқындылығы да күшейеді. Сондықтан адамзат қатердің алдын алмаса жағдай жыл сайын қиындай бермек.

Г.ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!