Еліміздің батысындағы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре –2023» балық қорғау акциясы аяқталды. Осы кезеңде браконьерлерден 1 тонна бекіре тәркіленіп, оларға 15,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық шаруашылығы комитеті балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Ерасыл Суықбаевтың айтуынша, Жайық-Каспий су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы аяқталды.

Акция 1 сәуірде басталып, 31 мамырға дейін созылды.

«Экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесе өткізілген акцияның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары табиғат заңнамасын бұзудың 972 дерегін анықтады. Заң талабын бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Браконьерлікке, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерінің заңсыз айналымына қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 келі балық, оның ішінде 1001 келі бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 келі қара уылдырығы тәркіленді. 295 балық құралы, 76 су көлігі мен 13 автомашина тәркіленді», -деп мәлім етті Ерасыл Суықбаев.

Жайық өзенінің арнасы мен Каспий теңізінің акваториясын күнделікті тазарту нәтижесінде су айдындарынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 заңсыз балық аулау құралы табылған.

Акция кезінде Атырау облысының құқық және табиғат қорғау органдары Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандарындағы, Дамбы бағыты мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты секілді криминогендік аймақтарға баса назар аударылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында браконьерлерден 770 келіден астам бекіре тәркіленгенін жазған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!