ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суармалы жерлердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 млн га дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн га дейін кеңейту бойынша нақты міндетті айқындады. Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта беретін болады және бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарады. Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың км болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше м болатын 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оларға қызмет көрсету жүргізіледі.
Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оларды цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңімен азайту мәселесін пысықтау тапсырылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!