Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «бірнеше вице-министр жұмыстан кету жөнінде өтініш жазды» деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің министрлік жуырда қайта құрылды. Қайта құру кезінде барлық қызметкер автоматты түрде міндетін атқарушы болады. Штат кестесі бекітілгеннен кейін нақтыланады. Осыған байланысты кейбір қызметкерлер арасында олардың қалатыны немесе қалмайтынына қатысты ақпарат тарады деп ойлаймын. Қайта құру кезінде біздің министрліктің кейбір құзыреті басқа органға берілді. Бұл – күрделі процесс», – деді Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.

Сондай-ақ, ведомство басшысы министрліктегі әріптестеріне алғысын айтты.

«Әріптестерім қалғысы келсе де, басқа жұмысқа ауысам десе де, әрине, біз олардың шешімін тек қана қолдаймыз. Мен бұған дейін бүкіл вице-министрмен бірге жұмыс істедім. Егер олар қалғысы келсе, қуана келісеміз. Ал өздерін басқа салада сынап көргісі келсе, олардың шешіміне құрметпен қараймыз және қолдаймыз», – дейді ол.

Тілшілердің «бірнеше вице-министрдің жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны рас па?» деген сауалына «меніңше, мұны олардың өзінен сұрау керек» деп қысқа жауап қатты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!