Қазақстанда жыл басынан бері ет бағасы 12%-ға көтерілген. Ал Астанада баға өсімі 16%-ға жетіпті. Ал Солтүстік Қазақстан облысында сиыр еті 3 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ет бағасы көтерілген аймақтар қатарында Алматы облысы да бар. Сатушылардың сөзінше, әр жарты жыл сайын баға өзгеріп отырады екен.

«Жыл сайын ет бағасы өседі. Меніңше, көпшілігі етті басқа аймақтан алып келеді. Жол шығыны бар, сондықтан арзаға сатқысы келмейді. Ет – күнде тұтынылатын өнім. Сондықтан арзандайды деп айту қиын», – дейді Қымбат есімді сатушы. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан 100%-ға өзін етпен қамтып отырғанын мәлімдеді. Жыл басынан бері 670 мың тонна ет өндірілген, оның жартысы сиыр еті екен. Қазір тек құс етінің ғана 50%-ы сырттан әкелінеді. 

Ал еттің қымбаттауына жанар-жағармай мен өзге де энергетика ресурстары бағасының өсуі әсер етіп отыр. 

«Жарты жылда 670 мың тонна ет өндірсек, оның ішінде импортталған ет тек 10 тоннаға да жетпейді. Барлық шаруалар мал азығын өздері дайындай алмайды. Мұны сатып алатыны сөзсіз. Сонымен қатар жарық, энергетика мен жанармай бағасы бар. Сондай-ақ жұмысшылар жалақысының өсуі де әсер етіп отыр. Мұның барлығы еттің өз бағасына әсер етеді», – деді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев. 

Ведомство ет бағасын бақылауға алмайды екен, себебі бұл нарықтағы баға. Дегенмен ет барлығына жеткілікті дейді. Оның үстіне елде ірі қара саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсіп, 10 миллион басқа жетіпті. Ал жылқы санының өсімі 7% болыпты. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!