ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, дәл қазір Қазақстанда еттің қымбаттауына негіз жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі мал шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілермен, фермерлік қожалық басшыларымен кездескенде бәрі бір проблеманы айтады. Еттің сатып алу бағасы өте төмен. Орташа алғанда, тірі салмақтағы еттің бір келісі 700-800 теңгеден аспайды деп отыр. Сол себепті мал шаруашылықтарының негізгі проблемасы – бастапқы сатып алу бағасы өте төмен болуында. Бағаның әрі қарай қалыптасуы сауда жүйелеріне байланысты. Баға сол жақта өсіп жатыр. Қазіргі таңда бізде еттің бағасы негізінен тұрақты. Биыл ет өндіру көлемінде де, мал басында да өсім бар. Сол себепті тәуекел жоқ деп есептейміз», – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Бұл уәжді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та қуаттады.

«Ет бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Делдалдар туралы айтып отырсыз, бүгінгі таңда тауар өндіруші фермерлерден еттің бағасы орташа есеппен 900 теңгеден алынады. Әрі қарай нарыққа жеткенше монополиялар, басқа да делдалдар,олигополиялар арқылы баға өсіп кетеді. Бұл жағынан біз жұмыс істеп жатырмыз. Базар иелерінің, әкімшілерінің жауапкершілігін арттыру бағытында заңнамалық өзгерістер енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ, жергілікті органдармен бірлесіп, кішігірім сауда обьектілерінде үстеме бағаны 15 пайыздан асырмау туралы бағытында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Үйдің қасындағы шағын дүкендердің тиісті жауапкершілігін арттыру үшін қосымша шаралар енгізіледі», – деді вице-премьер.

Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.