Қазір ғаламдық деңгейдегі экологиялық мәселелер  адамзатты алаңдатуда. Сондықтан әрбір мемлекет экологиялық мәселені негізгі міндеттің бірі деп қарастырады. Осыған орай елімізде қордаланған экологиялық жағдайларды жақсарту шараларына айрықша мән беріліп отыр. Осындай шаралардың бірі ‒ тұрғындарға, оқушыларға экологиялық білім беру. Бұл – «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының да негізгі мақсатының бірі.

Экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты – қоршаған ортаға жауапсыздықпен қараушыларға жол бермеу; жастардың бойында экологиялық мәдениет қағидасын қалыптастыру; қоғамдық пайдалы еңбек және еңбек тәрбиесі арқылы табиғатты қорғау, күту және жақсарту, экологиялық білімді насихаттау. Осы тәрбие арқылы адамның мәдениеттілік деңгейі, экологиялық білімі қалыптасады.

Жыл сайын қорық қызметкерлері жоспарлы түрде қала, аудан мектептерінде экологиялық ағарту жұмысын жүргізеді. Осы шаралар барысында экологиялық акция, дәріс-сабақ, сұхбаттар ұйымдастырылады.

Биыл бүкіл әлемде болып жатқан пандемия салдарынан қорықтың экологиялық ағарту жұмыстары онлайн-форматта өтті. Мәселен, жыл басынан оқушылар мен жергілікті халық арасында дәстүрлі сабақтар мен кездесулер және Whatsapp желісі, Pruffme, Zoom-платформасы арқылы онлайн-форматта қашықтан кездесулер ұйымдастырылды. 

Сабақ барысында алдын ала түсірілген бейнебаян жіберіліп, берілген тапсырманы және қосымша сұрақтарды желіде онлайн талқылау әдісі пайдаланылды. Сабақта Барсакелмес қорығының жануарлар әлемі, қорықтық режим, Қызыл кітап, Барсакелмес қорығындағы экологиялық туризм тақырыптары қозғалды. Сонымен қатар, Instagram, Facebook әлеуметтік желісі, мекеменің www.barsakelmes.kz сайты арқылы Барсакелмес қорығының биоалуантүрлілігі бойынша жұмыстар жүргізілді.

А. Есенова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!