Елімізде кейбір ғалымдарға өмір бойы стипендия төлеу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық ғылым академиясының рөлін арттырып, мемлекеттік мәртебе беру – ғылымды тиімді басқарудың және ғылыми-технологиялық жүйені үйлестірудің қажетті шарты. Қазір біздің министрлік ұлттық ғылым академиясының қызметін түбегейлі өзгерту жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Атап айтқанда, ұлттық ғылым академиясын мемлекеттің (КЕАҚ) 100% қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам ретіндей құру. Бұл өкілеттіктің бір бөлігін мүшелердің жалпы жиналысына беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚР ҰҒА-ның едәуір дербестігін қамтамасыз етеді», – деді Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында.

Сондай-ақ, министр академия мүшелері автоматты түрде ауыстырылып, жаңа мүшелердің сайланатыны туралы айтты.

«Одан бөлек, жаңартылған талаптарға сәйкес ҚР ҰҒА Президентін сайлау және бекіту де маңызды. Зейнеткерлік жасқа жеткен ұлттық ғылым академиясының жекелеген мүшелеріне «данышпандарға» өмір бойғы стипендиялар бөлу қаралады», – дейді ол.

Одан бөлек, ведомство басшысы ҚР ҰҒА-ның құзыретіне ғылым және форсайт бойынша ұлттық баяндама әзірлеу, ғылым мен техника саласындағы гранттарды, стипендияларды және сыйлықтарды тағайындау өкілеттілігінің берілетіні туралы сөз қозғады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, ҚР Ұлттық ғылым академиясы жаңғырту және кадрлық жаңару шаралары бойынша ғылыми ойдың орталығы және сараптамалық қызметті жүзеге асыратын беделді ұйым болатынына сенімдімін», – деді С. Нұрбек.

Бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі халық табысын арттыруға арналған бағдарлама іске қосылатыны туралы айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!