Қызылорда облысында тіркелген 107 мыңдай автокөліктің үштен бір бөлігі ауаға шамадан тыс зиянды заттар бөледі.

Бұл Экология департаменті мамандары мен полицейлердің ай сайын жүргізген рейдтерінің нәтижесі. Атмосфераға таралатын қорғасынның 86%-і осы темір тұлпарлардың шығындысы екен. Ал бейорганикалық заттардың қалыптан тыс түзілуі адам ағзасына тигізер жағымсыз әсері мол. Осыған орай өңірде 2021-2025 жылдарды қамтитын «Таза ауа» жол картасы қабылданды. Бірлескен жоба аясында көліктерді экологиялық нормаға сәйкестендіру шаралары қарқынды жүргізілмек.

Қоршаған ортаға, әсіресе, дизельмен жүретін ескі жүк көліктерінен зиянды газ көп бөлінеді. Мәселен 20 жылдан астам құрылыс материалдарын тасымалдаумен айналысқан мына КамАЗ-дан шыққан қою қошқыл түтін жарты шақырымнан көрінді. Газ талдаушы автотест құрылғысы да қолқаны қапқан газдың құрамында қорғасын көп екенін анықтап берді. Полицейлер көлік иесіне қозғалтқышты жөндеп, сапалы жанармай құю жөнінде біржолғы ескерту жасады. Ал егер экологтардың нұсқаулығына құлақ аспаса, келесі жолы тәртіп сақшылары айыппұл арқалатып жібереді.

«Іс-шараның бір күнінде 15 автокөлік тексеріліп, оның ішінде 4 автокөлік нормативке сәйкес еместігі анықталып, ҚР ӘҚБК 334 бабына сәйкес қайталанған жағдайда айыппұл салынатындығы ескертілді», – ЖПҚБ бөлім басшысы Жандос Қапанов.

Мамандардың айтуынша, 1 литр бензинде 1 грамм тетраэтилқорғасын болады екен. Одан бөлек, тітіркендіргіш альдегидтер бар. Олар көлік қозғалтқышында түгел жанып кетпесе, шайыр мен қара күйе көбірек тарайды. Қара түтіні будақтаған мына Нивадан алған сынамалар оның моторында осындай ақау бар екенін анық көрсетіп берді. Автотест нәтижесімен лас газ бөліну қалыпты нормадан бірнеше есе асып кеткен.

«Дизельдік көлемнің нормасы 2,5%, ал бензиннің көлемдік нормасы 3,0%. Қаладағы 4-5 нүктеден атмосфералық ауаға өлшеу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз ай сайын тұрақты түрде. Жалпы Қызылорда қаласы басқа өңірлерге қарағанда таза болып көрсетеді», – экология департаментінің бөлім басшысы Венера Мұстаяпова.

Қызылордалықтар ескі әрі арзан транспорт түрін таңдайды, тұтынады және ақауын жөндеуге еш асықпайды. Әрине, қалтасының шамасына қарайды. Бірақ денсаулық пен қоршаған орта тазалығын алдыңғы орынға қойған дұрыс. Өйткені ауада қорғасын мөлшері көбейген сайын ол адам қанының құрамында да ұлғая береді. Нәтижесінде қанның оттегімен қанығуы нашарлап, ағза белсенділігі төмендейді. Бұл көптеген ауру-індет өршуінің басты себепшісі. Сондықтан көлікке салғырт қарамаған жөн.

Хабар 24