Қала әкімдігіне қарасты Қараөзек ауылына су қоймасы салынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Биімбетов мәлімдеді.

Филиал басшысы Қараөзекте салынатын су қоймасымен қатар Қызылорда су торабындағы жөндеу жұмыстарына тоқталды.

‒ Қараөзек ауылында тағы бір жаңа су қоймасы салынады. Жобалық сметалық құжат биыл сараптамаға беріледі. Келер жылы қаржы мәселесі шешілуі тиіс.

Ал Қызылорда су торабын жөндеуге 2020 жылға 481 млн теңге, 2021 жылға 1 млрд 420 мың теңге, 2022 жылға 709 млн теңге қарастырылған. Сол жақ магистраль каналында бетон жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы барлық жұмыс бітуі тиіс. Аталған су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және осы уақытқа дейін кешенді жөндеуден өтпеген. Бұдан бөлек Әйтек, Жиделі су қоймалары жөнделуде. Олардың жұмысы 2020 жылдың соңына дейін аяқталады, ‒ дейді ол.

Сондай-ақ филиал директоры вегетациялық кезеңнің аяқталуы жайлы да сөз қозғады.

‒ Биыл вегетациялық кезең басында Көксарай контррегуляторына 3 млрд-тың орнына 2 млрд текше метр су жиналып, 1 млрд текше метр жетпей диқандар аздап қиналды. Бірақ әкімдік күріш егу мекемелерімен бірге 300 км ішкі каналдарды тазалады. Біз 61 км магистральді каналдарды тазаладық. 90 мың гектар күріш егілсе, соның бәріне кезекпен бекітілген кесте бойынша су жеткізе алдық», ‒ дейді Х.Биімбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!