Фото: Pexels

KAZINFORM – Елімізге тағы 37 шетелдік компания көшуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов айтты.

«Бүгінде Үкімет шетелдік компанияларды — ірі кәсіпорындарды релокациялау бойынша жұмыс істеп жатыр. Біздің тізімімізде 30-дан астам елден шамамен 400 компания бар. Нақты нәтиже бар. Өздеріңіз де білесіздер, inDriver, TikTok сынды жалпы құны 1,5 млрд доллардан асатын 41 компания келді. Бүгінде 37 компаниямен жұмыс істелініп жатыр. Әзірше қандай компаниялар екенін айта алмаймыз. Жұмыс қорытындысында қосымша ақпарат ұсынамыз», — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Ол аталған 37 компанияның Қазақстанға қашан ауысып келетінін нақты айта алмайтынын атап өтті.

«37 компанияның бәрі нақты келеді деп айта алмаймын. Мүмкін одан аз, мүмкін көп болар. Бірақ, жылдың соңына дейін осы жұмысты жүргіземіз. Әр компаниямен жеке жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өткім келеді. Яғни, олардың нақты сұранысы бар. Шартты түрде айтар болсақ, бір компания жер учаскесін сұраса, енді бірі преференциялар, жеңілдіктер және басқаны сұрайды. 37 компанияның жалпы құны шамамен – 1 млрд доллар. Бірақ, цифр әр уақытта өзгеріп отырады», — деді Бауыржан Құдайбергенов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға көшуді жоспарлап отырған кәсіпорындардың ішінде өңдеу өнеркәсібі, атқараттық технологиялар, цифрландыру, тау-кен өндіру салаларындағы компаниялар бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!