Өздеріңіз білетіндей, елімізде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу процесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, әлі де тұтынушылардың жинақты шешіп алу бойынша сұрақтары жеткілікті.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 2 қаңтарында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.
Сонымен қатар 2021 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына қызметтің жаңа түрі – біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін жеке тұлғалардың ағымдағы банк шоттарын ашуға және жүргізуге рұқсат берді.
«Отбасы Банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өзінің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында маңызды сұрақтарға жауап берген болатын.
Бізде жақсы жаңалық бар. Мұны қазір БАҚ-та жариялаймыз. Кеше Қаржылық реттеу агенттігінің біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша арнайы ағымдағы шоттарды ашуға және жүргізуге арналған лицензиясын алдық. Бұл өте жақсы жаңалық. Себебі біз осы лицензияны алған алғашқы банк болдық. Егер зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелері бүгін бекітілсе, 8 қаңтарда барлық нормативтік-құқықтық акті қабылданған кезде біз іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Ләззат Ибрагимова жаңа интернет платформа туралы.
Біржолғы зейнетақы төлемдері аударылатын арнайы ағымдағы шотты «ЖССБ24» мобильді қосымшасы арқылы және «Отбасы банк» АҚ сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы ашуға болады. Сәйкесінше, өтініш берушілерге Банк бөлімшелеріне барудың қажеті жоқ. Мұндай шотты ашуға байланысты операциялардың барлығын онлайн жүзеге асыруға болады.
Арнайы шот ашпай тұрып, қолжетімді соманы қандай мақсатта пайдаланғыңыз келетінін анықтап алуға кеңес береміз. Оны «Отбасы Банк» АҚ құрастырған онлайн платформада жасауға болады. Өтінімдерді онлайн платформада нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілгеннен кейін беруге болады, – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, тұрғын үй жағдайын жақсартудың сегіз жолы анықталды. Олар онлайн платформада сегіз түрлі мақсат ретінде көрсетілген. Зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланғысы келген азаматтар алдымен онлайн платформаға тіркеліп, өтінішті сол жерден береді.
Платформаға электрондық цифрлік қолтаңба арқылы тіркеледі. Оның тіркелу жолы оңай. Нұсқаулықтары өте түсінікті. Ең бастысы азамат қаржысын қандай мақсат бойынша жұмасағысы келетінін белгілеп, қажет соманы көрсетеді. Өтінішті сол жерде толтырады.
Зейнетақы қорынан ақшаны кім шеше алады?
Зейнетақы қорындағы қаржысын төмендегі үш санатқа жататын адамдар ала алады:
- «Жеткілікті шектен» артық жинақ салымы бар жұмыс істейтін азаматтар;
- Бұрынғы жалақысының 40%-ына тең мөлшердегі зейнетақысы бар зейнеткерлер (жинақтағы ақшасының 50 пайызын ала алады);
- Бұрын зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, сақтандыру қорына аударған соң да зейнетақы жинағында салымы қалған қазақстандықтар (қаражатын толық алуға құқылы).
Бұл туралы онлайн брифингте Еңбек жне халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов былай деп түсіндірген болатын.
Жасына сай жеткілікті шектен асып тұрған қорда жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олардың саны шамамен 760 мың, әрқайсысына орташа 2,3 млн теңгеден келеді. Екінші санаттағылар зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде сақтандыру компанияларымен аннуитетті шарт жасасқан тұлғалар. Олардың саны елімізде 23 мың адамды құрайды, тиесілі сома мөлшері 2,5 млн теңге шамасында. Үшінші санатқа қордағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50 пайызынан аспайтын шекте жұмыс істеген зейнеткерлер. Олардың саны 170 мың адам, қолға алатын сома мөлшері 500 мың теңге шамасында, – деді ол.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.
Зейнетақы жинақтарын қандай мақсатта жұмсауға болады?
– Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу;
– Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу;
– Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;
– Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;
– Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;
– Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);
– Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;
– Зейнетақы жинақтарын туысыңызға беру;
– Емделу.
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті операторға аударуды оның өтінімі бойынша электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асыратын болады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына 1 жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс, – деп «БЖЗҚ» АҚ-ның баспасөз орталығы хабарлаған болатын.
Айта кетейік, зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етілетін құжаттарды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті БЖЗҚ-ның өңірлік кеңселеріне жеке жүгіну арқылы немесе enpf.kz интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қашықтықтан беруге болады. Азаматтардың зейнетақы активтерін басқару құқығын алған ИПБ тізілімін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.
Сонымен қатар «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Елорда жастары» деп аталатын жастарға арналған бағдарлама жайындағы сұраққа жауап берді.
Қазір әкімдікпен бірлесіп, бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Ол «Елорда жастары» деп аталады. Алдын ала келісім жасалды. Бұл бағдарлама ең алдымен жас отбасыларды, сонымен қатар елордада жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталады. Аталған жобада да лимит болады, яғни 5 пайыздық мөлшерме және 10% бастапқы жарна. Бұл жобаға ең бірінші кезекте астанада тұрып, жұмыс істеп, кезекке іліне алмай жүрген жас отбасылар мен жастарды жұмылдырмақпыз. Қазір әкімдікпен бірлесіп жасап жатқан жобаның соңғы кезеңіндеміз. 1-1,5 айдың ішінде елордалық жастармен жақсы жаңалықпен бөлісеміз, – деп түсіндірді ол.
BAQ.кz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!