Қай салаға болсын жастардың жаңа бастамасы мен тың идеясы керек-ақ. Себебі кей тұста заман талабынан қалыс қалған басқару жолы қоғам наразылығын тудырып, кадр мәселесіндегі олқылықтар талқы төріне шығып жатады. Өзгеріс қалаған халықтың талап ететін бетбұрысының бір ұстыны да жастардың билікке келуіне бағытталуы сөзіміздің айғағы.

Осыны ескерген Мемлекет басшысы бірнеше министрліктің тізгінін жастардың қолына бергенін білеміз. Әсіресе, әлемдік өзгерістерді назарға алуды талап ететін цифрландыру, экология, экономика саласында жас мамандар басшылық етуде. Әрбірі Қазақстандағы ахуалды дамытуға, жалпыхалықтық игіліктерге жарайтын өзгерістерді жүзеге асыруға асық. Соның бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.
Алғашында қоғам ең жас министрдің тәжірибесі мен қызметтік білігіне күмәнмен қарағаны рас. Өйткені, отыздан енді ғана асқан маманның білдей министрлік басшысы болуы кей азаматтың үрке қарауына себеп болған. Алайда министрдің өмірдерегі қандай талапқа болсын лайық екенін білдіріп, жаңа серпін береді деген үміт сыйлады. Олай дейтініміз, Зүлфия бұған дейін вице-министр қызметін атқарып, саланың қыр-сырымен танысқан. Бұл да өз кезегінде Қазақстан­дағы экология мәселесінің түйткілін шешуге сеп.
Ерте тізгінді алған жас министр санатында Бағдат Мусин де бар. Халық цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің көптеген жобасымен таныс. Ауылдарды интернет желісімен қамтамасыз ету, цифрлық базалар мәселесі, шетелдік IT компаниялармен байланыс төңірегіндегі бастамалары қоғамдық резонанс тудырғанын білеміз. Кейде тәуелсіз сарапшылардың сынына ілініп, жобалардың жөнсіз жасалғанын еститін де осы министр. Не дегенмен, Бағдат Мусин өзге сала басшыларындай емес, әйтеуір, қозғалыс жасауға ұмтылды. Ауыл-аймақты интернетпен қамту ілгерілеп, отандық нарыққа шетелдік компаниялардың кіруіне ұйтқы болды. Елге 5G жүйесін енгізу, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік туғызу ісінде де жемісті еңбек етуде.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та жас министр қатарында. Пандемиядан кейінгі қиын кезеңде басшылыққа келген ол алдымен шағын және орта кәсіпкерлердің қайта аяққа тұруына жәрдемдесті. Мемлекеттік бағдарламалар санын арттырып, экономикалық оң шешімдер қабылдауға септесті. Әсіресе, сауда-саттық көлемі арту үшін шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, еларалық инвестициялық жобалардың қанат жаюына ықпал етті.
Білім беру саласындағы көптеген реформаның авторына айналған Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов те басшылықтағы жас буын саналады. Ол басшылық еткен тұста әлемдік білім беру жүйелерін сарапқа салу, әдістемеден бастап, білім беру нысандарын жаңалау жаңа сатыға көтерілді. Нәтижесінде педагог мамандардың мәртебесі мен жалақысы көтеріліп, мектеп пен балабақшадағы қауіпсіздік шарасы қатаңдады. Бұл мүмкіндік берілсе, жас буынның жаңалық жасай алатынын көрсетеді.

P.S. Иә, әр салада көпжылдық тәжірибе жарға жықпасы анық. Алайда жастардың билікке келуі қоғам сенімін арттырып, өзгеріс бастауына айналады. Ғаламдық үрдістерді игеру үшін де бүгіннің тілін түсінетін буынның үлесі зор.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!