Мемлекеттік сатып алуға қатыса алатын жол құрылысындағы компаниялар қатары кеңейтіледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік сатып алу туралы Заңға сәйкес, әлеуетті қатысушыға қойылатын бірқатар критерий бар. Атап айтсақ, әлеуетті қатысушының лицензиядан басқа, тәжірибесі, қаржылық әрі материалдық ресурстары болуы керек», – делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, бұл компаниялар бұған дейін тапсырысты іске асыра алмағандар тізімінде болмауы қажет.

«Жалпы, Қазақстанда тиісті мүмкіндігі бар және конкурстарға тұрақты қатысатын компаниялар бар. Барлық конкурстар өлшемшарттар бойынша іріктеу негізінде өткізіледі. Онда мол тәжірибесі бар және жақсы баға жеңілдігін мәлімдеген компания жеңімпаз болып таңдалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жұмыс нарығын монополиясыздандыру бойынша жұмысты күшейтетін болады. Сондай-ақ, Мемлекеттік сатып алуға қатыса алатын жол құрылысы компанияларының қатары да кеңейтілмек», – деп аталып өткен ведомсть мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жол саласында теңдерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алатынын сынға алды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің жолдары нашар екені және жол құрлысы саласын жемқорлық жайлағаны туралы айтты.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!